Қалап алдырған бас режиссерді енді қуып кетіре алмай жүр
Тараздағы облыстық қазақ драма театрынан шу шықты. Қара шаңырақтың жас әртістері бас режиссердың жұмыстан кетуін талап етіп отыр. Айтуларынша, қабілеттен жұрдай Қамат Қасенов өнерге қиянат жасауда. «Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған»- ол, жыл бойына бар болғаны 4 спектакльді сахналап, оның үшеуі өткір сынға ұшырапты. Әртістер осылайша көрермен алдында масқара болдық дейді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
29.01.2014
Тасада жатып тас атпауға бекінген жас актерлар ашу-ызасын ашық білдіруде. Қара шаңырақтың жастары бас режиссерға қапалы. Айтуларынша, көркемдік жетекшілікті қоса арқалаған Қамат Қасеновтың қабілеті шектеулі көрінеді. Ол, өткен жылы төрт-ақ спектакльді сахналап, оның үшеуі өткір сынға ұшырапты.
Мұрат Құсайынов, актер:
-Біздің жас режиссер басында үлкен жоспармен келген. Біз соны қандай керемет қылып, құшақ жая күттік. Театрымыз өсетін болды деп. Керісінше жыл соңында есеп берген кезінде. Оның айтқан сөзі ісіне сәйкес келмей қалды.
Қырғыз елінің азаматы өткен жылы арнайы шақыртумен келген. Өнер ұжымы жаңашыл көзқарастағы жас режиссер тыңнан түрен салады деп сенген екен. Бірақ мәдениет басқармасы маман таңдауда жаңылысты деп отыр. Тіпті, Қамат Қасенов әріптестеріне күн көрсетпеген.
Әлия Баймаханова, режиссер:
-Осы жаңа жылдан жұмыс істейін десем, оны да маған жұмыс істеуге бермейді. Менің кестемде бір жұмысым жоқ. Репитициям жоқ. Жұмыс істеткізбей жатыр маған. Неге білмеймін, өзі де істемейді маған да істетпейді.
Қара шаңырақтағы өнердің өшуіне алаңдаған актерлар, басқа маманның келуін қалайды.
Анар Сағынбекова, актер:
-Біздің талбымыз көркемдік жетекші әрі бас режиссер болып отырған Қамат Қасенов кетсін. Өйткені біз оның шығармашылығына наразылық тудырамыз, қанағаттанбаймыз.
Жастарға жақпай қалған Қамат мырзаның айтар уәжі бөлек. Өзін өнердің диктаторымын деген көркемдік жетекшінің айтуынша, әртістер қатаң талапқа шыдай алмаған. Сондықтан, ізденбейтін, жалқау жастар көзімді құртуға күш салып жатыр деп ақталды.
Қамат Қасенов, Жамбыл облыстық қазақ драма театрының бас режиссері:
-Енді бұл әдейі ұйымдастырылып, әдейі жасалып жатқан нәрсе деп ойлаймын өзім. Әйтпесе, шындап қарайтын болсақ, мен түсінбеймін бұлай не үшін наразы болады деп.
- «Қырық кісі бір, қыңыр кісі бір жақ» болған даудың немен аяқталары белгісіз. Жастар жағы шулағанымен, театрдың тісқаққан әртістері әзірге әліптің артын күтіп, тыныш отыр. Бұл, жәйтқа қара шаңырақтың басшысы да қанық. Бірақ, жел сөзге ілеспей, шешім қабылдау үшін нақты дәйек керек дейді. Ал жастар, режиссердың үстінен мәдениет басқармасына шағым түсірді. Өзі аттай қалап алдырған адамына Айнұр Сәденованың қандай шара қолданары алдағы күндері анықталмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!