Боранның соңы үскірік аязға ұласты
Еліміздің солтүстігі мен батысындағы ақтүтек боранның арты енді үскірік аязға ұласты. Ауа температурасы -40 градусқа дейін төмендеген аймақтарда жолдар жабылған. Ақтөбе мен Қарағанды облыстарында тек бір тәуліктің өзінде осылай діттеген жеріне жете алмай діңкелеген 500-дей адам құтқарылды. Бет қаратпайтын аяздан мектептердегі сабақ та тоқтатылған. Ал синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді. Апта соңына дейін күн райы әлі төмендеуі мүмкін.
Автор: Рымбек Қабиден
30.01.2014
Кешелі бері сары аяз Арқа жұртын әбден әбігерге салды. Қазір мұнда термометр минус 40-тан көтерілмей тұр. Соның салдарынан жанармайы қатып жолда қалған көліктер көбейді. Павлодардың маңында төтенше жағдайлар қызметі діттеген жеріне жете алмаған осындай автобус жолаушыларын құтқарды. Ал, мектеп оқушылары сабақтан босатылып жатыр.
Гүлнар Жанғазы, Павлодар облыстық Білім басқармасының бас маманы:
-Қала бойынша 1 мен 9 сынып аралығында сабақтар тоқтатылды. Жалпы айтып кету керек, облыс бойынша бізде 35 мың баладай сабаққа бармады осы себептен.
Солтүстік Қазақстан облысында да осындай жағдай. Мұнда да 9-шы сыныпқа дейінші оқушылар үйінде отыр. Сықырлаған сары аяздың беті қайтпағасын бүгін барлық бағыттағы жолдар да жабылды.
Гүлзат Ғазизова, «Қазгидромет» орталығының синоптик-маманы:
-Солтүстік Батыстан келе жатқан антициклон біздің облысқа әсер етті. Сол антициклонмен байланысты біздің облыста ауа температурасы төмендеуі күтіледі.
Еліміздің батысы да апта басынан бері боран мен аяз қыспағында. Ұйтқып соққан желден жолдар көрінбей, 300-ге тарта көлік кептеліп қалған. Құтқарушылар төрт жүзге жуық адамды қар құрсауынан шығарып алды.
Мақтағали Матиев:
-Оралдан шығып едік. Ақтөбеде міне тұрып қалдық жол жоқ. Түннен бері күтіп отырмыз. Қарнымыз да ашты. Баласымен шыққандарды көріп аяп кеттік. Оларға қарағанда енді шыдаймыз ғой.
Ызғарға шыдамағандардың да қарасы қалың. Кеше ғана Оралда 15 адамды үсік шалса, бүгін Қарағандыда аяз қарыған біраз адам тіпті кемтар болып қалды. 54 жастағы Евгенийдің бірден қос аяғын кесіп тастаған.
Евгений Цыганков, Қарағанды қаласының тұрғыны :
-Жұмыстан шығып келе жатқанда бір екі адам жабылып ұрып, тонап, сұлатып кетті. Содан шамам келгенше еңбектеп, тыраштанып жатып, адам аяғы жүретін жолға шығып барып, есімнен тандым. Қайта көрген адамдар жедел жәрдем шақыртыпты.
Айта кетерлігі, дәл осы Қарағанды облысында соңғы екі ай ішінде суықта сіресіп қатқандар саны 20-дан асқан. Соған орай, құтқарушылар да сақтық шараларын ширата түсті.
-Ал синоптиктердің болжамы әзірге көңіл көншітпейді. Аталмыш өңірлердегі қолайсыз күн райы алдағы аптаға дейін сақталады деп күтілуде. Күннің күрт құбылуына байланысты Жамбыл облысының күре жолдары да тарс жабылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!