Олимпиада чемпионы сыйлаған пәтерін даулап бапкерін сотқа берді
Пәтер кілтін өз қолымен беріп, енді қайтаруды талап етуде! Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жеке бапкері әрі туған нағашы ағасына сыйлаған үйін тартып алмақ. Атақты боксшы жаттықтырушысының сөзінде тұрмағанына өкпелі. Жанжалдың шиеленіскені соншалық, ет жақын туыстар Елордадағы 100 шаршы метрлік баспана үшін соттасып жатыр. Бүгін Астанада осы даулы мәселеге қатысты алғашқы отырыс өтті.
Автор: Ербол Сейілхан
30.01.2014
Бақыт Сәрсекбаевтың жұлдызын жандырған 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасы. Алтыннан алқа таққан былғары қолғап шеберіне сол кезде Алматы мен Астанадан тегін қос-қостан пәтер берілген. Соның бірін ол өзін 10 жасынан бастап боксқа баулыған бапкері әрі туған нағашысы Кәрім Махмудовқа сыйға тартады. Арада жылдар өткенде , ұстаз бен шәкірттің арасына сызат түсіп, Бақыт Сәрсекбаев қымбат сыйлығын кері қайтаруды талап етіп жүр. Өзара келісе алмаған жиен мен нағашының ісі енді сотта қаралып жатыр.
- Мен оған қай қаладағы пәтерімді сыйға тартыппын айтыңызшы?
- Алматы әлде Астанадағы ма?
- Астанадағы .
Негізі Бақыт Сәрсекбаев пәтер кілтін нағашысының мерейтойында көптің көзінше сыйлаған. Сол сәт таспаға да жазылған.Ал аяқ-асты айнып шыға келген Олимпиада чемпионы, бапкерінің Бейжіңнен кейін Лондонға апарам деген сөзінде тұрмағанына өкпелі.
Бақыт Сәрсекбаев, Бейжің Олимпиадасының чемпионы:
-Мен Махмудовқа пәтерді «бермедім» деп айтып отырғаным жоқ. Бердім. Пәтерді сыйлар кезде, ол: «мені Лондон Олимпиадасына дайындаймын, ұлттық құрамада боласың» деп ауызша сөз берген. Енді сертінен тайқып кетіп отыр ғой.
Алайда бапкер тарту етілген Астананың мына элиталық тұрғын үйдегі пәтерін шамамен 300 мың долларға сатып жіберіпті. Кейін өзі Алматыға көшіп кеткен. Нағашысының бұл әрекетін жиені таза алаяқтық деп отыр. Ал бүгінгі процесске жаттықтырушының өзі қатысқан жоқ. Мүддесін қорғауға адвокаттарын жіберген.
- Бүгін судья келесі отырысқа Бақыт Сәрсекбаевтың бапкері Кәрім Махмудовты шақырту туралы шешім қабылдады. Енді аралары суып кеткен нағашы мен жиен сотта бет-бет кездесуі тиіс.Ал Олимпиада чемпионы Астанадағы үйінің басқа адамға сатылып кеткеніне қарамастан одан шықпай отыр. Пәтердің жаңа қожайыны болса соттан боксшыны мәжбүрлеп шығаруды талап етуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!