"Қыз Жібекті" халық арасынан іздеп жатыр
Әлемге әйгілі италиялық режиссер Франко Драгоне қазақтың тұңғыш ұлттық "Қыз Жібек" операсын көрерменге жаңа нұсқада ұсынбақ. Сондықтан оны орындайтын әншіні өзі іздеуге кіріскен. Бір қызығы, шетелдік мейман басты рөлге елге есімдері белгісіз таланттарды тартпақшы. Бірақ бүгін басталған кастингке режиссердің өзі қатыса алған жоқ.
Автор: Гүлнұр Имандос
31.01.2014
–Дәл қазір мына залда басты рөл – «Қыз Жібек» партиясын орындаушыға ашық кастинг өткізіліп жатыр. Әншіге қойылатын талап тек музыкалық білім, ашық дауыс, әсем келбет қана емес, ол міндетті түрде қазақ тілін білуі шарт.
Мына сахна сыртындағы қыздардың бәрі өнерге жақын адамдар. Алайда, ешқайсысы бұған дейін «Қыз Жібек» ариясын орындап көрмеген. Сондықтан қобалжып, мәтіндерін ұмытып қалмауға тырысып бағуда. Өйткені, залда оларды хас шеберлер тыңдап отыр.
Бір ерекшелігі «Қыз Жібек» операсын орындауға үміттілердің жасы отыздан аспауы тиіс. Және ол халық арасынан таңдалады. Ал, «Астана опера» театрының «Қыз Жібегін» анықтау италиялық танымал режиссерға бұйырыпты. Алайда, аяқ асты сырқаттанып қалған ол бүгінгі кастингке келе алмады.
Төлеген Мұхамеджанов, «Астана Опера» театрының директоры:
–Франко Драгоненің қойылымдарына дүнежүзінде 15 миллион көрермен қатысыпты. Осы биылғы жылы олардың алға қойған мақсаты 10 милион адам көрермен болады екен. Ол дүниежүзіне өте танымал режиссер болған соң, біз де ойлап отырмыз, енді осы «Қыз Жібекпен» талай үлкен сахналарды тамашалаймыз.
Дегенмен, Франко Драгоненің өзіболмаса да, театр майталмандарына бүгін бағын сынаған 22 әншінің барлығы ұнай қоймайды. Тек екі үміткерге көздері түсіпті.
- Қыз Жібекті бүгін таңдай алмадық...
Сонымен, «Қыз Жібек» таңдалған жоқ. Бірақ, жеңіп шыққан 2 әнші көктемге дейін осы театрда тәжірибеден өтеді. Содан кейін ғана италиялық режиссер олардың талантын бағалайды. Шетелдік қонақтың ақыл-кеңесін тыңдауға ынталының бірі елордалық студент.
Салтанат Байжұманова, байқауға қатысушы:
–Алдымызда қаншама өзімізден үлкен әншілер, театр солистері қатысып жатқан соң қайдам деп ойлап ем. Өтті деген кезде сондай бір арманымның орындалғанына кішкене болса да қадам басталды деп ойлаймын.
Осылайша, «Астана опера» театры «Қыз жібек» ариясын әлемдік сахнаға алып шығуды көздеп отыр. Оның орындаушысын жаһанға танымал етпек ойда. Ал отандық мамандарға атақты режиссердің ұлттық салт-дәстүрімізді зерттеп, зерделегені қатты ұнапты. Ал, қойылымның өзі күзге қарай жоспарланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!