Атыраулық эколог 600 адамды жұмыссыз қалдырмақ
Атырауда вагон жөндеп, оны жуып-шаюмен айналысатын мекеменің жұмысшылары шу шығарып, жұмыстарын түгел тоқтатты. Айтуларынша, облыстық экология департаменті оны жабу туралы бастама көтеріп, қазір іс сотқа жетіпті. Бірақ осы жерден нанын тауып, несібесін айырып отырғандар бұған үзілді кесілді қарсы.
Автор: Жанар Низамутдин
31.01.2014
Вагон жөндеп, оны жуып-шаюмен айналысатын «Ақ Жайық»-та қазір 600 адам еңбек етеді. Бұл қазақстандағы осы саласындағы ең үлкен мекеменің бірі. Бірақ облыстық экология департаменті қазір оны жаптырмақ болып жанталасып жатыр. Айтар уәждері, өндіріс қоршаған ортаны қатты ластап жіберіпті. Ал жұмысшылар болса енді қайда барып, жан бағарын білмей жанұшыруда.
Мақсат Есенжанов, жұмысшы:
-70 жыл жасап келе жатқан депоны, 600 адамды мен зейнеткерлікке 3 жылым қалды, егер де үш жылым, қайда барам мен үш жылымда, ал жақсы, жастар не істейді ертең?
Гүлзира Қабылова, жұмысшы:
-Бәлен жылдан бері осы депода жасап жатырмыз. Жолдасым,балам, қызым істейді мынадай жағдайды естіп, жүрегіміз ауырып жатыр. Ол Қуанов деген кім? Бізге көрінбей ме? Жағдайын айтпай ма? Халықпен келіспей ме?
Жұрттың шамына тиген шенеунік – мына кісі. Атыраудың «ауасын тазартам» деп табанынан таусылып жүрген бас эколог - Ербол Қуанов. Айтуынша, арнайы жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде ауаны шамадан тыс ластап отырған бірнеше мекеме анықталыпты. «Ақ жайық-7» қаланың ортасында орналасқандықтан, қоршаған ортаға тигізетін зияны да көп болып шыққан. Сондықтан, мекеме басшылығы 600 жұмысшының емес, Атырау облысындағы 500 мың адамның жағдайын ойласын деп отыр.
Ербол Қуанов, Атырау облысының бас экологы:
-Олардың айтып жатқанын түсінеміз енді, жұмыссыз қалады, бірақ, 2006 жылы осындай «Ақ Жайық» дейтін де жуу-буу стансасы болды. 2006 жылы оны да жауып тастадық. Оны да жапқан мен, білесіз ғой, соны жапқан кезде 100-дің үстінде мамандар жұмыстан босады. Ол бірақ, мәселе дейтін, экологиялық қауіпсіздік мәселесі тұрған кезде, ол мәселені тоқтату керек.
Енді бұл іс бойынша алғашқы сот процесі биылғы 10-шы ақпанда өтпек. Ал бас эколог болса, тек Ақ жайық-7 ге қатысты емес, сонымен қатар, осындағы ірі-ірі деген тағы да бірнеше компанияның жұмысын тоқтату туралы тиісті орындарға ұсыныс бергенін айтып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!