Шығыс Қазақстанда төпелеп жауған бұршақ күнбағыс жәнебидай алқаптарын жайпады
Шығыс Қазақстанда жауған бұршақ күнбағыс пен бидай алқаптарын отап кетті. Бородулиха ауданындағы бір ғана шаруа қожалығы 130 млн теңге шығынға батқан. Көлемі тауықтың жұмыртқасына жетеқабыл бұршақ енді бой көтерген өсімдіктерді небәрі 10 минутта түгел жайпап өтіпті. Ал дәнді дақылды қайта егуге енді уақыт тығыз. Сондықтан несие алып, егін еккен диқандар қарызын өтеуге жеңілдік сұрап отыр.
Автор: Олжас Сайлаубекұлы
02.07.2014
Жерновка ауылындағы шаруалардың алға қойған жоспары бұршақтан кейін быт-шыт болды. 800 гектар аумақтағы бидай масақтары баудай түскен. Тонналап өнім беруі тиіс дақылдар енді мал азығына да жарымай қалды.
Күнбағыс алқаптары да соғыстан кейінгі сүреңсіз көріністі еске түсіреді. Мұндағы 2 жарым мың гектар жердің де қалың бұршақтан кейін астаң-кестеңі шыққан.
-Төпелеп жауған бұршақ күнбағыстың барлығын жайпап өткен. Соның кесірінен 100 гектар мына жердегі дәнді дақыл түкке жарамай қалған. Шаруалар мұнда күнбағысты қайта егу мүмкін емес деп отыр.
Бұрын-соңды мұндайды көрмеген шаруалар бұршақты үйлерінде сақтап қойыпты. Санаулы минуттарда 130 млн теңге шығын көрген қожалық, енді оны қалай өтерін білмей басы қатуда.
Елеукен Мергенбаев, жұмысшысы:
-Жұмыртқадан кішірек мөлшері, сондай болды. Қатты жауып өтті. 10 минуттай жауды да бәрін құртып кетті, түгелін турап кетті. Ішіміз ауырады совсем! Өлтіріп кетті, еңбектің бәрі далаға кетті!
Сақтандыру мекемесі болса, шамамен 6 млн теңге төлейміз депті. Бұл шаруалардың жыртығын жамауға да жетпейді.
Талғат Әубәкіров, серіктестіктің коммерциялық директоры:
-Сақтандыру компаниясы әр гектарға 3 мың теңгеден береміз деп уәде етті. Бұл егуге кеткен шығынды да ақтамайды! Бізді мазақ қылып отыр. Лизинг, несиелерімізді қалай төлейміз?!
Жергілікті әкім-қаралар бұршақтан кейін 3 күн өтсе де әлі төбе көрсетпеген. Тілшілермен кездесуге де уақыт таба алмады. Ал шаруалар енді қарақұмық егіп амалдамақ. Алайда оның да қара күзге дейін өніп, өсуі неғайбыл. Сондықтан олар несие берушілердің жеңілдігіне ғана үміт артады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!