Оралда ұлттық дельфий ойындары үлкен жанжалмен аяқталды
Шарада қызмет көрсеткен дәмхана иелері, жарнама беруші мамандар мен фотосуретшілер еңбектерінің ақысын ала алмай қалған. Айтуларынша, Дельфий комитетінің атқарушысы директоры Сажида Сейітбаева бар ақшаны қалтасына басып, із суытыпты. Қазір тіпті іздеуде жүрген көрінеді. Сейітбаеваны таба алмай сандалған кәсіпкерлер бүгін кездейсоқ әуежайдан оның орынбасарын ұстап алды.
Автор: Аруна Ортай
02.07.2014
Көздері күлімдеген суреттегі мына әйелді қазір Оралдың кәсіпкерлері шарқ ұрып іздеп жүр. Полицейлер де Сажида Сейітбаеваға іздеу салған. Бірақ өзі де, банктен шешілген 20 миллион теңге де ұшты-күйлі жоқ.
Ал бұл Жеңіс Сәрсенғалиева. Күндіз-түні әуежайдың табалдырығын торып жүргендердің бірі. Кәсіпкерге Ұлттық Дельфий комитетінің атқарушы директоры бақандай 800 мың теңге төлемей кетіпті. Ол ақшаға дәмхана қожайыны 5 күн бойы қонақ күткен. Тек ол емес, түнгі клуб иелері, такси жүргізушілері мен тіпті фотосуретшілер де Сажида Сейітбаеваға алданыпты.
Виктор Предыбайло, фотосуретші:
-Соңғы рет ол әйелді түнгі клубта кездестірдім. Ол айтты, ертең бәріңді де таң қалдырамын деп. Таңқалдырмақ түгілі, жылатты. Уәде еткен ақшасы да өзі де жоқ!
Осылайша, жарты Оралды сан соқтырып кеткен Сейітбаева ізім-қайым жоқ. Оның орынбасары Құралай Түспікова да бүгін қаладан қарасын батырмақ болды. Бірақ әуежайға аттағаны сол еді бірнеше күннен бері Сейітбаеваны аңдыған кәсіпкерлердің қолына түсіп қалды.
-Болмайды! Ешқайда ұшпайсыз
Тіпті, соңынан ілесіп әуежай ішіне дейін басып кірді.
- Бұл кісі тіркеуден өтпеу керек. Түсінесіз бе?
Бірақ, кәсіпкерлердің айқайына қарамастан, орынбасар ұшаққа мініп, бастығының артынан ғайып болды. Ал Дельфий комитетіндегілер өздеріне шаң жуытар емес. Астанағадағы басшыларының айтуынша, Білім министрлігі әлі ақшаны аударып үлгермепті.
Лаврентий Бобрышев, Ұлттық дельфий комитетінің төрағасы:
-Ақша ұрлап кетті дегенің бәрі дақпырт, жалған әңгіме. Есепшотқа қаржы әлі түспеген де. Қаражат шара әбден біткен соң, көрсетілген қызметтерге сәйкес, ҚР Білім және Ғылым министрлігінен беріледі. Ол ақша әлі түспеген де!
Дегенмен Дельфий комитетінің басшылығы атқарушы директордың қайда жүргенінен хабарсыз болып шықты. Ал алданған кәсіпкерлер Сейітбаева бола ма, басқасы бола ма әйтеуір маңдай тер ақыларының қайтарылуын талап етіп, құзырлы орындарға арыз түсірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!