Астанада Ұлттық мұражай ашылды
Еңселі «Назарбаев орталығынан» шыққан соң Елбасы тағы бір сәулеті таңдай қақтырарлық жаңадан салынған Ұлттық мұражайды салтанатты түрде ашты. Бұл - Орта Азияда теңдесі жоқ мәдени нысан болмақ.
Автор: Жәудір Оразхан
02.07.2014
Ел тарихында алғаш рет ашылған Ұлттық мұражай ғасырлардың таңбасы мен табы қалған жәдігерлер, археологиялық, этнографиялық және мәдени ескерткіштермен толыққан. Ғимараттың жалпы аумағы 74 мың шаршы метр. Музей өткеніміз бен бүгінгі жетістігімізді байланыстыратын алтын көпір болмақ. Ғимараттың «Астана», «Тәуелсіз Қазақстан», ежелгі және орта ғасыр тарихы, «Заманауи өнер» сынды бірнеше залы бар. Келген қонақтар халықаралық стандартқа сай мынадай сенсорлы дүңгіршектер, медиаэкрандар, голограммалар арқылы қазақтың тарихымен таныса алады. Ұлттық нысанның құрылысын отандық және шетелдік компаниялар салған. Астанамыздың 16 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген мұражайдың алғашқы қонағы болған Елбасы өз қолтаңбасын қалдырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қазақстан тарихы музейінде жаңа Қазақстанның тарихына айрықша мән берілетін болады. Дәуірлерге лайық іс тындырған 20 жылдан астам уақыт ел тарихында ең жасампаз кезең болады. Қазақстан тарихы келешекте тек қана бейбіт бастамалар мен жарқын істермен жалғасатын болады. Бүгін есігін айқара ашып отырған тарих музейі санмың жылдар жасаған жасампаздық жәдігерлермен толыға береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!