У жұтып отырған Қызылорда тұрғындары наразылық білдірді
Қызылордада асфальт жасау зауытымен көрші тұрудың азабын тартқан қараша шағым айтты. Өйткені кәсіпорынның улы түтіні мен оған кіріп-шығатын жүк көліктерінің шаңынан тыныстау мүмкін болмай қалған. Салдарынан соңғы кезде мұнда түрлі ауру да көбейіпті. Сондықтан жұрт кесірі тиіп жатқан зауыт жұмысын тоқтатсын деп талап етуде. Ал кәсіпкерлер әдеттегідей халықпен санасар емес.
Автор: Альбина Асхатқызы
11.07.2014
-Көкала түтін, есігінді ашсаң, терезеңді ашсаң бітті, көкала. Көзің көрмейді. Жаңағы денеге келіп жабысып алады смола.
Осылайша, 2 мыңға жуық тұрғын ысқа улануда. Күні-түні үздіксіз жұмыс істеп жатқан кәсіпорынның қою түтіні үйлерін жайлап барады. Жұрттың қазір жалғыз ойы – небәрі 300 метр қашықтықта орналасқан мына зауытты жаптыру.
Жұмаш Жаханова, Қызылорда қаласының тұрғыны:
-Бұл 10 жыл болды. Бармаған жеріміз жоқ. Бұл Шоманов деген бүкіл халықтан күшті болып тұр.
Тұрғындар айтқан Алтынбек Шоманов деген кәсіпкер қазір еңбек демалысында екен. Өзі облыстық Мәслихаттың депутаты екенін айта кетейік. Бірақ сол Шомановтың өзі бар кезде де жұрттың сөзіне құлақ асқан емес дейді тұрғындар.
Дүрия Сыздықова, Қызылорда қаласының тұрғыны :
- Білмеймін ғой енді неге осынша халықты алдап жатыр. Үй деген салынып жатыр, қанша халық бар мында.
Құзырлы орын өкілдері де бірнеше рет тексеріс жүргізіп, ауаға араласқан тозаңды таба алмадық деп қайтқан. Десе де, будақтаған қою түтін кесірінен түрлі аурулар көбейгенін айтуда ел. Ал экологтар кәсіпорынды тағы бір мәрте тексеруден өткізіпті.
Дана Ағыбаева, Қызылорда облыстық экология департаменті зертханалық талдау бөлімінің бас маманы:
-Біздің көрсеткішіміз бойынша екі күнде өлшеген жұмыстарымыз бойынша күкірт деоксиді және азот деоксиді бойынша шартты белгіленген нормативтерден асқан мәліметтер бар. Қорытындысы бойынша ары қарай шаралар қолданылады заң талаптарына сәйкес.
Тұрғындарының шағымын міндетті түрде қанағаттандырамыз деп сендірді мамандар. Тіпті осының ақ-қарасына жету үшін 3 бірдей зертхана қызметкерлері жұмылдырылмақ екен. Ал түтінге қақалғандар 10 жылда шешімін таппаған бұл мәселе енді оңалады дегенге шүбә келтіруде. Сондықтан таза ауа үшін тартыстарын әкімдік алдында жалғастырмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!