Ақтөбеде саяжай тұрғындары кооператив төрағасын ақша жеді деп айыптады
Ақтөбеде саяжай тұрғындары шу шығарды. Олар «Тереңсай» бау-бақша ұжымының басшысын «ақымызды жеді» деп айыптап отыр. Себебі, қаншама жылдан бері электр қуаты үшін тұрғындардан артық ақша жинап келген. Мұнысы әшкере болған басшылық трансформатордан ұрланған жарықтың есебіне пайдаландым деп ант-су ішуде. Енді жергілікті жұрт оны жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
14.07.2014
«Тереңсай» деп аталатын бұл саяжайда бес жүзге тарта шаңырақ түтін түтетіп отыр. Басым көпшілігі бау-бақша салу үшін емес, жер телімі арзан болған соң ауылдан осында көшіп келген. Үйлерінде электр қуатын есептейтін құрал болса да, ай сайын ақысын ұжым басшысы жинайды. Оның қаншама жылдан бері тарифті асыра көрсетіп, артық ақшаны қалтасына басып келгенін жұрт жақында ғана біліпті.
Нұрлан Алдамжаров, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Тек 2012 жылдан бастап 2014 жылға дейін «Энергосистемаға» бұлар төлеген ақшаның есебін алдым. Сонда біз төлеген ақша мен «Энергосистемаға» төленген ақшаның айырмашылығы төрт жарым миллион болып тұр. Ол жаққа 9 теңге 69 тиыннан төлейді екен, ал бізден 14 теңгеден алып келді. Ешқандай құжат көрсетіп жатқан жоқ.
Тұрғындар бау-бақша ұжымының басшысы Эдуард Тимофеевтің үстінен құзырлы орындарға да шағымданыпты. Бірақ ондағылар тексеруге асығар емес. Ал наразы халықпен жүздесуге басшының өзі жүрексініп отыр. Оның орнына келген әйелі ешкімнің ақысын жемедік деп ант-су ішуде. Трансформатордан ұрланған электр үшін тарифті өздігімізден көтердік дейді.
Татьяна Мальцева, Э.Тимофеевтің әйелі :
- Тарифті ақша жетпеген соң көтердік. Тұрғындардың үйлерінде жарықты есептейтін құрал болғанымен, трансформатордағы пайдаланған электр көрсеткішіне сәйкес емес. Екі ортада біреулер желімізден электр ұралайды. Сондықтан көрсеткішті сәйкестендіру үшін артық ақша аламыз.
Тұрғындар құзырлы орындардан басшыны жазалап қана қоймай, саяжайдағы комуналдық өтемдердің тарифтеріне қатысты мәселенің басын ашып берсе дейді. Олар енді ешбір делдалдың көмегінсіз, банк арқылы төлегісі келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!