Туристерді 30 миллион теңге шығынға батырған «Гүлнар тур» басшысы ұшты-күйлі жоғалып кетті
Туристерді тастап кетуден алдына жан салмаған “Гүлнар Тур” компаниясының кесірінен келген шығын еселеп артуда. Қазірдің өзінде 30 млн теңгеден асып отыр. Шығын әлі талай өсетіні анық. Өйткені турфирма кесірінен жолда қалып, дегенмен құзырлы орындарға шағымданып үлгермеген жүздеген турист бар. Өткен аптада “Гүлнар Тур” басшыларына қатысты прокуратура қылмыстық іс қозғаған болатын. Енді айыптылар 10 жылға дейін абақтыға жабылып, дүние-мүлкі тәркіленуі мүмкін.
Автор: Нартай Аралбайұлы
14.07.2014
Үкіметтің көмегімен бүгінге дейін “Гүлнар Тур” тентіретіп кеткен 1237 турист отанға оралыпты. Түркияда қаңғып қалған қазақтар әлі де бар. Қайта алмай жатқандардан бөлек, жылдағы жалғыз демалысына “Гүлнар Турмен” аттанамыз деген ел әуежайдан қайтты. Жұрт жабылып арыз жазған соң, турфирмаға қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Өтемақы көлемі мен жапа шеккендер саны да сәт сайын артып барады.
Бауыржан Жұмаханов, Бостандық ауданының прокуроры:
-Келтірілген зиянның мөлшері 6 млн теңгеден астатын болған, бүгінгі таңда 30 млн-нан асып отыр. Және жәбірленген тұлғалардың саны да 28-ден бүгінгі таңда 34-ке жетті.
Құзырлы орындар қазір “Гүлнар Турдың” кеңселерін бекітіп, құжаттарын түгел тексеруде. Туристерді тастағыш турфирманың артын Үкімет жабуда қазір. Ал қайтарылған туристер үшін ақы төлеуге “Гүлнар Тур” тағы қауқарсыз. Шетелдік чартерлер мен отандық әріптестерінің алдындағы қарызы 600 млн теңгеге жуық. Еркінсіп есі кетті ме, әлде қылмыстық іс туралы қарар түбіне жетті ме, әйтеуір, туристік компания басшысы Әли Исмаилов қазір ұшты-күйлі жоқ. Құзырлы орындар оны таппай жатыр.
Марат Иғалиев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм комитетінің төрағасы:
- «Гүлнар турдың. басшысымен сөйлестім. Қазір менде қиындық болып жатыр. Сондықтан банктерден несие алсам деді. Басшысы енді хабарсыз кетті. Жанындағы адамдар білмейді, қайда екенін. Содықтан, біз оны күтіп отырмыз, байланысқа шыға ма, шықпай ма, сосын көреміз не істейтінін.
“Гүлнар Турдың” лицензиясының тағдыры жақын күндері шешілмек, сот соңғы үкімді айтады. Ал еліміздегі туристік саланың төрттен бірін қолында ұстап отырған компания банкрот болса, бұл отандық туризмнің абыройын айрандай төге ме деп қауіптенеді сарапшылар.
- «Гүлнар Тур» өздерін банкротпыз деп жарияласа да жауапкершіліктен жалтара алмайды. Қарыздарын қайтару үшін мүліктері түгел саудаға түспек. Басынан дау арылмаған туристік компанияға екінші деңгейлі банктер де несие беруден тартыншақтап отыр. Ал үлкен мөлшердегі алаяқтыққа деп қозғалған қылмыстық іс бойынша турфирма басшыларынан жуырда жауап алынбақ және олар айыпты деп танылса 10 жылға дейін абақтыға жабылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!