Астана іргесіндегі ауыл тұрғындары алаяққа алдандық деп наразылық білдірді
Алаяққа алданған жұрт қыруар қаржысынан айрылып, сан соғып қалды. Астанаға таяқ тастам жердегі Талапкер ауылының жүзге жуық тұрғыны әлдебір кәсіпкерге өз қолдарымен 250 мың теңгеден ақша жинап берген. Алайда, ауылға «жарық тартқызам» деген адам бір жылдан бері қарасын көрсетпей ізім-ғайым жоғалған. Алданғандарын кеш білген қараша енді кімге барып мұңын шағарын білмей дал.
Автор: Гүлнұр Имандосова
16.07.2014
Жарыққа қарық қылам деп, жүзге жуық отбасыны алдап кеткен кәсіпкерді іздеген жұрт бүгін тағы жиналды. Себебі бір жарым жылдан бері Талапкер ауылы қараңғылық құшағында отыр. Тұрғындар сығырайған майшамның жарығымен күнелтуге мәжбүр. Ал осы қара түнектен құтқарамын деген әлдебір адам халықтан 20 миллион теңгесін жинап алып тайып отырған.
Жұмагүл Шермағамбетова, Талапкер ауылының тұрғыны:
-Қайсар Шегебаев,деген кісіні жалдағанбыз ел болып. Сөзі сұйылып кетті кейін. Сөйтіп, 1 жыл өтіп кетті.
Гүлмерей Көкен, Талапкер ауылының тұрғыны:
-250 мыңнан жинап алды да, қарапайым халықтың ақшасын жеп кетті. Нотариуспен бекітілген құжат ғана бар қолымызда. Өйткені, ол кісі көп жерлерге қосқызған екен. Талапкердің жартысын қосқызған екен. Біз ол кісіге сендік.
Уәдеге тойғызған кәсіпкердің ауылға жасаған сыйы мына трансформатор. Оның өзі әлі қосылмаған. Көкшетаудан келген арнайы комиссия бұл қаңсып тұрған темірді жарамсыз деп тауыпты. Көпбалалы ана Ақжарқын Есетова бүгін де майшаммен отыруға мәжбүр. Өйткені, 100 мыңға сатып алған жарық бергіш генератор тағы сынып қалыпты. Ал, әдетте тағам сақтайтын тоңазытқышқа бұл отбасы киім жинап қойған.
Ақжарқын Есетова, Талапкер ауылының тұрғыны:
-Тоңазытқыш та дым жоқ. Пайдалана алмайыз ешқандай. Тамақтың бәрі сасып кетеді, сүт деген сасып кетеді.
Әрі ауладағы бұл генераторлар бензиннің соры. Тұрғындар аптасына 7 күн 10 шақырым жердегі Астанадан бензин тасиды.
-Қосылмайды. Мына генераторға менің күшім жетпейді екен. Бұған ер азаматтардың күш-қайраты керек. Ал, ол кісілер бұл ауылда күндіз жұмыста. Ал, таңертең қосып кетсе, 5-6 сағаттан соң генератор өртеніп, тіпті үй жануға шақ қалған кездер болған екен.
Бір қызығы, ауылдың кезекті бір жиналысына облыс басшылары, Мәжіліс депутаттары да қатысқан. Олар тұрғындарға көмек береміз, жарықты қостырамыз деп кеткен. Алайда 6 айдан бері не жарық жоқ, не қайтарылған ақша жоқ.
Мүсәйіп Таңқайұлы, Талапкер ауылының тұрғыны:
-Асанғазы деген депутат жиналыста болды. Міне , 6-шы айдың 15-де болады деген. Болмады.
Жүздеген адамды алдап соққан кәсіпкерді табу мүмкін болмады. Енді шарасыз ел полицияға шағымданбақ. Одан ештеңе өнбесе жұрт қарсылық шарасының басқаша түріне барғалы отыр.
-25-іне дейін күтеміз. 25-і күні болмаса машина қақса қаға берсін, жолдың үстінде бала- шағамызбен тұрамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!