Бұрынғы білім вице-министрі соттан үйіне таксимен қайтты
Астанада кезекті атышулы процесс басталды. Айыпталушы орындығында бұрынғы Білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметов. Қаржы полициясы лауазымды шенеунікті құрылыс компанияларымен ауыз жаласып, бюджеттің 1 миллиардттан астам теңгесін қымқырды деп айыптап отыр. Ал бұл қыруар қаржы Шығыс Қазақстандағы мектепті салуға жұмсалуы тиіс болатын. Тергеуі бір жылға созылған істің басты күдіктілері бүгін сот алдында жауап берді.
Автор: Ербол Сейілхан
16.07.2014
Бірнеше мәрте кейінге қалдырылған атышулы процесс айыпталушы қалағандай Алматыда емес, ақыры Астанада басталды. Басты күдікті бұрынғы Білім вице-министрі, сотқа үйінен келді. Себебі Саят Шаяхметов басқа парақорлар сияқты изоляторда емес, үйқамақта жүр. Салқынқанды болып көрінгісі келгенімен, сот табалдырыгын аттағанда-ақ Шаяхметовтың қобалжығаны білініп қалды. Ал шатылып жатқан шенеунікпен құрылыс компаниясының басшысы үйқамақта отырса, олардың екі сыбайласы кісенмен жеткізілді.
4 сыбайласты орға жыққан мына Өскемендегі болашақ инженерлерді әзірлейтін мектептің құрылысы. Білім ордасын тұрғызуға бюджеттен 3 миллиард 300 миллион теңге жұмсалған. Тергеу материалдарына сүйенсек, қызмет бабын асыра пайдаланған Шаяхметов құрылыс компанияларының басшыларымен ауыз жаласып, нысанға бөлінген 1 млрд-тан астам теңгені қалтаға басыпты. Алайда бүгін олардың ешқайсысы да кінәларын мойындаған жоқ.
Саят Шаяхметов, Бұрынғы білім және ғылым вице-министрі:
- Тағылған айыпты мойындаудан бас тартамын. Мойындамаймын.
Ал Шаяхметовтың адвокаты үйқамақта отырған айыпталушының жүріп тұру уақытын ұзартуды сұрады. Себебі шенеунік жұбайлық міндетін орындай алмай, кәмелет жасына толмаған 3 баласына, жүкті әйеліне бас көз бола алмай қиналып жүр екен. Алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырмады. Сөйтіп әкелік те, некелік те міндетін орындай алмай жүрген экс-вице-министр бүгін үйіне көңілсіз қайтты. Жеке көлігін көрсеткісі келмеді ме, әйтеуір соттан шыға сала көшенің қақ ортасында тұрып такси тоқтатты. Таксиге мініп үйіне қайтқан Саят Шаяхметов енді алдағы бірнеше ай бойы осы жерге тұрақты түрде келіп тұрмақ.
-Ал орынбасары істі болған соң көп ұзамай сол кездегі Білім министрі Бақытжан Жұмағұлов отставкаға жіберілген еді. Дәл осы Жұмағұловтың кезінде Шаяхметов Қазақ ұлттық университетінде проректор болып жүрген жерінен вице-министр дәрежесіне дейін көтерілген болатын. Енді оның кінәсі дәлелденсе, дүние- мүлкі тәркіленіп кемі 12 жылға абақтыға жабылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!