Ақтөбеде жаңбырға шыдамай төбесі тесілген пәтерлер қайта жөнделіп жатыр
Ақтөбеде жаңбыр суына шыдамай, төбесі тесілген «Нұр-Ақтөбедегі» жаңа үйлер қайта жөнделіп жатыр. Ал пәтері бүлінген тұрғындар жөндеу біткенше таныстарының үйін жағалай тұрмақ. Бұл жағдайға да көнген олар енді су астында қалған жиһаздарының шығынын өтеуді талап етуде. Құрылысты сапасыз жүргізген мердігер компания болса, оны ойламақ түгілі, әлі күнге дейін өз істерінің шалалығына шаң жуытар емес.
Автор: Жаңалық Ахаш
17.07.2014
Бір түнде төбелерінен су ағып, жаңа қоныстарынан безіп кеткен «Нұр-Ақтөбе» қалашығының тұрғындары қазір тәубә десіп отыр. Себебі, жөндеу жұмыстарының шығынын мердігер компания өз мойнына алып, құрылысшылары іске кіріскен. Әйтсе де, мемлекеттік бағдарлама бойынша сапасыз үй салғандарға сенуден қалған жұрт жұмысты күні-түні өздері бақылауда. Ал баспанасы бүлінгендердің бала-шағасы таныстарының үйін жағалап кеткен.
Гүлбағдат Көлдиева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Балаларымыз қазір кімнің үйінде қандай адам бар сол үйге күнбе-күн апарып беріп отырмыз. Өзім кешке дейін осы жерде жүрем. Кешкілік не істесе осы жерде жата салам. Болмаса тума-туыс әр жерге барып жүрміз.
Жаңбырға шыдамай төбеден аққан судан 37 пәтер бүлініпті. Сылақтары түсіп, шүмектеп аққан тамшыдан тіпті еден де тесілген. Енді құрылысшылар оны жөндегенімен, жарамсыз болып қалған жиһаздың құнын тұрғындар кімнен дауларын білмей отыр. Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер үлестірген банк те, мердігер компания да ол туралы жақ ашпапты.
Жанар Оразова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Міне, ісініп-ісініп ырсыйып барлықтары ашылып тұр. Осы жерде көріңіздер енді. Шығын өтесе дейміз енді. Осы жиһазымыздың ақшасын төлесе екен.
Құрылыс жүргізгендер жұмысты шала істегендерін әлі күнге дейін мойындамай отыр. Бар кінәні бұдан жарты-ақ жыл бұрын қоныстанған тұрғындарға артуда.
Дәурен Есентаев, мердігер компанияның өкілі:
-Барлығын жамадық. Төбенің кеткен себебі тұрғындар шығады төбеге. Тарелка қояды, антенна қояды. Тесіледі. Өткенде байқадық құлыптарды жұлып тастаған.
-Ақтөбеге сапары кезінде Елбасы жаңадан салынып жатқан осы қалашықты ауылға теңеп қана қоймай, бас жоспарын қайта жасауды бұйырды. Ол үшін шетелден сәулетшілер шақыруды тапсырды. Дегенмен, қала әкімдігі ол шаруаға әлі кіріспеген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары