Көше жағалап су іздеуден қажыған Алматы тұрғындары шу шығарды
Шілденің шіліңгір ыстығында ішерге су таппай жүр. Бүгін Алматының орталығындағы тұрғындар 8 жылдан бері тіршілік нәрінен қағылып отырмыз деп шу шығарды. Жекенің қолына өткен ескі жатақханаларда тұратын 50-ден астам адам ауыз суды алыстан тасып ішеді. Ал әкімдікке барып талай мәрте көмек сұрағанымен, еш нәтиже болмапты.
Автор: Досжан Маратұлы
22.07.2014
Эльмира Сыздықова бұл жерге 8 жыл бұрын көшіп келген.Содан бері бұл жерден су көрген емес. Үш баланың анасы «жуынудың қиындығы былай тұрсын, бір мезет артық шай қойып ішуден де қалдық»-дейді.
Эльмира Сыздықова, Алматы қаласының тұрғыны .
- Әркімнен су сұрап жалынып жүрміз.. Тіпті, шаршап жұмыстан келіп аламыз да, «Саяхат» жақтан тасимыз. Шелекпен жүреміз. Көшеде көрген адамдар таң қалады. Қаланың ортасында тұрасыңдар қалай су жоқ деп.
Мұнда 50-ден астам тұрғын бар. «Суымыз жоқ» деп, әкімдіктен талай мәрте көмек сұрағандарымен, еш нәтиже болмапты. Ақыры тұрғындардан мезі болған атқамінерлер: «өздерің ақша жинап тарттырыңдар» деген.
Фатима Өтеулиева, Алматы қаласының тұрғыны :
-Мына жақтан құдықтан суды тартып, тас жолды жарып кіргізу үшін 1 миллион теңге керек болды. Әрине мына жерде тұратын халықтың барлығы демесем де, енді 4 балалы, 5 балалы ата-аналар және жалғыз басты қарт адамдар тұрады. Сондықтан ондай қаржы жинайтын жағдаймыз жоқ.
Айтқандай, қазір жұрт суды тым алыстан тасып ішеді екен. Себебі, жолдың арғы бетіндегі колонка да істен шығыпты.
-Сондықтан су іздеп сенделген жұрт артынан мына су құбырынан ауыз су алған. Алайда оның қайдан бастау алғандығы жайында тұрғындар бейхабар. Ал қазір көріп тұрғандарыңыздай, бұл жерде құрылыс жұмыстары басталған. Енді жұрт «сумен жарылқап отырған жалғыз орнымыздан айырыламыз ба?» деп қауіптенеді.
Ал қашанғыдай уәдені үйіп-төгетін атқамінерлер бұл жолы да үйреншікті әдетіне басты. Яғни, «суды тарттырамыз,бәрін қатырамыз тек төзім қажет»-дейді.
Ермек Баймұханбетов, Медеу аудандық әкімдігінің шаруашылық бөлімінің бас маманы:
-Біз «Алматы су холдингі» мекемесімен су жүргізу мәселесін қарастырамыз осы аптаның аяғына дейін. Барлық жоба сметалық құжаттарын жасап, қандай көмек керек барлығын қарастырамыз.
Десе де, бұл бүгін-ертең іске аса қоятын шаруа емес. Жоба тек осы айдың аяғында дайын болмақ. Ал, су құбырын жүргізу үшін біраз уақыт қажет. Оған дейін тұрғындардың тіршілік нәрін алыстан тасып, оны үнемдеп пайдалануына тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!