Бостон сотында алқа билер Азамат Тәжияқовты кінәлі деп таныды
Қазақ студенті Бостондағы жарылысты тергеуге кедергі келтірді деп танылды. АҚШ-та Азамат Тәжияқовқа қатысты 3 аптаға созылған сот ісіне алқа билер өз үкімін айтты. Яғни, 12 алқа бидің 11-і жерлесімізді кінәлі деп тапқан. Федералдық соттың ережесіне сәйкес, отандасымызға кесілген жаза тек 3 айдан соң ресми жарияланбақ. Дегенмен кемі 20 жыл берілуі мүмкін. Сондай-ақ, 250 мың доллар айыппұл да салынбақшы.
Автор: Құралай Пионер
22.07.2014
Бір жыл, үш ай күткен іс ақыры осылайша аяқталды. Бұл әсіресе, Азамат Тажияқовты қорғауына алған 6 адвокатқа тосын болған тәрізді. Себебі жігіттің ақталарына олар сенімді жүрген. Бірақ 12 алқа би қазақ студентін Бостон оқиғасын тергеуге кедергі келтірді деген қорытындыға келді.
Дэниэл Антонино, алқа би:
-Біз күдіктіге қарсы бірауыздан дауыс бердік. Себебі адвокаттардың дәйегі ешкімді сендіре алмады.
3 аптаға жалғасқан тыңдалымда 10 куәгерден жауап алынған. Соның бірі Диас Қадырбаевтың құрбысы Баян Күмісханның сөзі істі түбегейлі өзгертер деп күтілген еді. Скайп арқылы жауап берген қыз, «сөмкені менің кеңесіммен Диас қоқысқа тастады» деген болатын. Сондай-ақ, бұл процесте қазақ студенттерін тергеген екі агенттің де өтірігі шықты.
Мэттью Майерс, Азамат Тажияқовтың адвокаты:
- Бұл жерде алқа билердің басқа өңірлерден емес, Бостон тұрғындарынан жасақталуы әсер етті деп ойлаймын. Бірақ біз жазықсыз адамның жазаланып кетуіне жол бермеуіміз керек. Жохармен дос болғаны болмаса, Азаматтың жарылысқа түк қатысы жоқ. Сөмкені де лақтырған ол емес.
Тосын шешім бәрінен де Азаматтың жақындарына ауыр тиюде.
- Жоқ, ештеңе айтпаймын.
Десе де әзірге судьялар кеңесінің шешімі шығарылған жоқ. Федералдық соттың ережесіне сай, үкім 3 айдан соң жария етілуі тиіс. Яғни 16 қазанда жерлесімізге ресми жаза тағайындалмақ.
Кармен Ортиз,федералдық прокурор:
-Тергеу әділ өтті деп есептейміз. 12 алқа бидің тек біреуі ғана күдіктіні жақтап дауыс берді. Оның үстіне, қорғаушы жақ бірде бір куәгер әкелмеді. Біз Тәжияқовты 25 жылға соттауға және 250 мың доллар көлемінде айыппұл төлетуді сұрап отырмыз.
Америкалық ақпарат құралдары қазір мына бір бейнекөріністі сан рет қайталап көрсетіп жатыр. Онда Азамат пен Жохардың Бостондағы жарылыстан кейін бірге спорт залға келген жері түскен. Алқа билер шешіміне дәл осы таспа әсер еткен деседі. Бостондағы жарылыс былтыр дәстүрлі сәуір марафоны кезінде болған. 3 адам қаза тауып, 200-дейі жараланды. Кейін осы лаңкестік шабуылды ағайынды Царнаевтардың ұйымдастырғаны әшкерленді. Азамат пен Диас болса, сол «күдіктілерге тиесілі сөмкені қоқысқа лақтырды» деген айыппен ұсталған. Енді отандасымыздың жазасын жеңілдетуге еліміздің Сыртқы істер министрлігі араласпақ.
Нұржан Айтмаханов, ҚР СІМресми өкілі:
-Нью-Иорктегі Қазақстанның консулы сот отырсына бақылаушы ретінде қатысып келеді. Азамат Тәжияқовтың адвокаты шағымды 27 тамызға дейін беруі қажет. Шағым бойынша жауап болса 22-ші қыркүйекке дейін берілуге тиіс.
-Енді Мэттью Майерс бастаған адвокаттар алқасы апелляциялық шағым әзірлемек. Ал екі айдан соң екінші жерлесіміз Диас Қадырбаевқа қатысты сот басталауы тиіс. Бірақ оның да жазасы жеңіл болмайтын түрі бар. Өйткені лаңкеске тиесілі сөмкені студент ұсталған сәтте-ақ қоқысқа тастағанын мойындаған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары