Қостанайда тұрғындар КСК төрағасын қуып кетіре алмай жүр
Қостанайда ықшамаудан тұрғындары пәтер иелері кооперативінің төрағасын қызметінен кетіре алмай жүр. Айтуларынша, ол басқаратын ұжым жұмысын дұрыс атқармайды. Сол себепті аула іші лас, тұрғынүйдің шатыры шұрық-тесік. Осыдан кейін наразы жұрт жиналып, жаңа төрағаны да сайлап қойған. Ал мұнымен келіспеген кооператив қызметкерлері тұрғындардың сөзін жоққа шығарып, төрағаларына шаң жуытар емес. Бүгін екі тарап жанжалдасып қалды.
Автор: Досжан Маратұлы
25.07.2014
Тұрғындардың өздері сайлап алған жаңа төраға Виктор Сибиль мән-жайды білмек болып, жаңа жұмыс орнына келген еді. Алайда мұндағылар оның сөзін құлағына да ілген жоқ.
-А вы мне не указывайте, вы мне никто.
-Я вам никто?
Бұл дауға пәтер иелері кооперативінің жұмысқа салғырттығы себеп. Тұрғындардың айтуынша, ондағылар шұрық-тесік шатырды ауыстырып, үйді жөндемек түгілі, ауланы да, подъезді де тазаламайды екен. Тіпті жұртты маңдарына да жолатқысы келмейді.
-Закрой свой рот, а то легкие простудишь. Вот и все. Вон отсюда. Вон отсюда, я сказала.
Зоя Чернышова, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Біз пәтер иелері кооперативіне барып, мәселемізді айтсақ, «аула лас, неге тазаламайсыңдар?» деп сұрасақ, олар бізбен сөйлеспейді де. Керісінше, полицияны шақырып, «жұмыс істеуімізге кедергі келтірді» деп өзімізге дес көрсетеді.
Ал жаңадан сайланған төраға қызметіне кірісе алмай жүр. Өйткені кооперативтің бұрынғы басшысы Геннадий Власов ұстатпай жүр екен. Не орнын да босатпайды.
Виктор Сибиль, Пәтер иелері кооперативінің төрағасы:
-Осы мәселе бойынша 7 рет сот өтті. Біз барлығында жеңіске жеттік. Сот барлық құжаттарды маған берсін деп шешкен. Алайда бұрынғы төраға жоқ. Қашып жүр.
Ал пәтер иелері кооперативіндегілер жалақыларын көтеріп берген бұрынғы басшыларына дән риза. «Мақтау қағаздары мен алғыс хатты үйіп алған ол жұмысын да жақсы атқарады» дейді. Бірақ ол қазір еңбек демалысына шығыпты. Десе де, сот шешімін орындамағаны үшін сот орындаушылары одан құжаттарды күштеп алмақ. Егер олай болмаған жағдайда Геннадий Власовқа қатысты әкімшілік іс қозғалады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!