Отставкаға кеткен Украина премьері лаңкестермен күресетін ақшаның да таусылғанын айтып ашынды
Украинада Үкімет отставкаға кетті. Жоғарғы Радада қолға алған реформалары өтпей әбден ашынған премьер-министр Арсений Яценюк осындай шешім қабылдауға мәжбүр екенін мәлімдеді. Күні кеше ғана Үкіметтік коалиция арасынан жік шығып, «Удар» мен «Свобода» партиялары құрамынан шыққан болатын.
Автор: Нартай Аралбайұлы
25.07.2014
Арсений Яценюк, Украинаның бұрынғы премьер-министрі:
-Үкімет бастамаларын Рада қолдамады. Сәйкесінше, дәрігермен милицияға, мұғалімдерге ақша төлейтін, тіпті лаңкестермен де қарсы күресетін ақша жоқ. Ресейге тәуелді болмайық деп энергетика саласын реформалағымыз келді. Өкінішке орай оған да депутаттар қарсы шықты. Мұндай жағдайда отствакадан басқа жол жоқ.
Яценюктің орнынан кететіні туралы сыбыстар бұған дейін де парламент қабырғасында сан рет айтылды. Депутаттар бірнеше маңызды заңнамаларды қолдап дауыс бермегендіктен, премьердің өзі әрі қарай жұмыс істеуден басы бүтін бас тартқан. Бұдан аз уақыт бұрын Жоғарғы Рада Үкіметтік коалицияның ыдырағандығы туралы да ресми түрде жария еткен болатын. Яценюктің сөзіне қарағанда, оның отставкаға кетуіне осы секілді жайттар себеп. Енді жаңа коалицияның құрылып, Министрлер кабинетінің жасақтала қоюы екіталай. Сондықтан Украина президентіне Парламентті таратып, онсыз да жалақыға ақша таппай, шығысында сепаратистер сойқан салып жатқанда тағы мерзімінен бұрын сайлаудың уақытын белгілеу керек. Ал оған дейін Үкімет басшысы міндетін уақытша атқару Яценюктің орынбасары, Аймақтық даму, құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы министрі Владимир Гройсманға жүктелді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!