Сусыз отырған тұрғындар ауылға әкімдерін келтіре алмай жүр
Аты қала болғанымен, заты ауылдан бетер! Таразда қалаға қарасты Көлтоған ауылы талай жылдан бері ауыз судан тапшылық көріп отыр. Жұрт тіршілік нәрін елді-мекендегі жалғыз құдықтан тасып ішуде. Онда да суы санитарлық талапқа сай келмегендіктен, ауру-сырқаулар көбейген. Осындай тауқыметтерін алға тартқан тұрғындар бүгін жергілікті билікке базыналарын айтты.
Автор: Руслан Әбдіхалық
28.07.2014
-Суды қайнатамыз, қайнатамыз, құрт жатады ішінде. Ыдысқа құямыз құрт тұрады астында. Аппақ-аппақ тұнба. Біздің таза су ішкіміз келеді.
Бұл – айта-айта жауыр болған жаттанды сөз. Көлтоғандағы судың жырын қозғамаған тілші кемде-кем. Бірақ жұрттың базынасына селт еткен шенділер жоқ. «Баяғы жартас сол жартас» күйінде.
Әсет Әбілдаева, Көлтоған ауылының тұрғыны:
-Халықтың бәрі ауру қазір. Судан өттерін алдырған. Барсаң өтіңде тас бар деп, тас алады.
Тұрғындар ауыз суды санитарлық талаптан жұрдай жалғыз құдықтан тасып ішуде. Осыдан төрт жыл бұрын ауыл қаланың құрамына кіргенде, шенділер таза сумен жарылқаймыз деген екен. Алайда берілген уәде сол айтылған жерінде қалып қойды деп отыр.
Елмира Алтеева, Көлтоған ауылының тұрғыны:
-21 жыл болды ауылда су болмағанына. Біз қаланың іргесінде тұрамыз. Біз әкімді шақырамыз ауылға, келіп ауылдың жағдайын көрсін. Біз 21-ші ғасырда тұрамыз, жастарды ауылға дейміз, қалай мына ауылға келесің.
Қала басшысы ауылға келгеннің өзінде, оның жұртқа айтар жағымды жаңалығы жоқ. Өйткені өгіз аяңмен қимылдайтын атқарушы биліктің су тартуға сметалық құжаты да дайын болмай шықты. Демек, тұрғындарға тағы бірнеше жыл күте тұрудан басқа амал жоқ.
Қадірбек Деметбаев, Тараз қаласы Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
-Жоспарымыз бойынша 2015-ші жылы сметалық құжат дайын болса, 15-тің жарты жылдығында немесе 16-шы жылдары жұмысқа кірісеміз деп отырмыз.
Ауылдағы ағайынның арызы таусылып болмады. Айтуларынша, елді мекенде бала-бақша қат. Қоғамдық көлік пен тас-талқаны шыққан жолдың жыры да шешімін таппаған. Тіпті кейбірі әлі күнге қала тұрғыны атана алмай жүр екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!