Астанада баспаналары жанып кеткен отбасылар қиранды астында түнеп жүр
Өрттен кейінгі өмірлерінің астаң-кестеңі шықты. Астанада үйлері жанып кеткен жүздеген адам далада қаңғып жүр. Шиеттей бала-шағасы бар 25 отбасы қала билігінен көмек сұрап, есіктерін тоздыруға мәжбүр. Онсыз да қырық жамау үйді шенеуніктер жақын арада қиратпақшы болған екен. Атқамінерлердің арманы орындалып, енді жалғыз баспаналарынан айырылған адамдарға мүлдем көмек бермейміз депті. Сондықтан ондаған шаңырақ қара суықта қиранды астында түнеп жүр.
Автор: Гүлнұр Имандосова
29.07.2014
55 жастағы Елена Ифхутаның бұл жалғыз баспанасы екен. 9 шаршы метрлік мына бөлмеде 4 жан тұрып келген. Өрттен соң бөлменің төбесі тесіліп, төбеден жаңбыр суы сорғалапты. Тіпті,үй-ішінде немересіне дейін резіңке етікпен жүруге мәжбүр.
Елена Ифхута, Астана қаласының тұрғыны:
- Енді мұның бәрін кім жөндеп береді?Не су жоқ, не жарық жоқ. Ыстық тамақты көшеден ішіп келеміз. Алдымызда қақаған қыс келе жатыр.
Осыдан бірнеше күн бұрын мына жатақханада алапат өрт болып, тұрғындар тірідей жанып кете жаздаған. Сол қызыл жалыннан енді тау-тау болып үйілген күл-қоқыс ғана қалыпты.
- Тұрғындардың басым бөлігін қала басшылары қонақүйлерге орналастырған. Ал, қалғандары осы үйінді астында тұруға мәжбүр. Өйткені, бұл қаладағы ұрлық-қарлық көп тіркелген аудандардың бірі. Сондықтан, үйімізді тонап кетуі мүмкін деп тастап кетуге қорқып отыр.
Торғайдың ұясындай баспанасын қызғыштай қорып отырғандардың бірі Роза Трофимова. Түнде қонақ үйге түнегенімен, күндіз осында жүреді. Әрі қонақүйден бас тартқан көршілеріне демеу көрсетіп жүр. Құдайы көршілері бала-шағасымен үйінді астында тұруға мәжбүр. Соғыстан кейінгі өмірді бастан кешіріп жатырмыз деп ашынған тұрғындар әкімдіктен тез арада баспана мәселесін шешіп беруді талап етіп отыр. Алайда, ондағылар өрт болғанкүні ғана төбелерін көрсетіп, содан бері мұнда ат-ізін салмапты.
Роза Трофимова, Астана қаласының тұрғын :
- Өрт болған күні ғана мұнда қала әкімінің орынбасары келді. Бізге әркім өз баспанасын өзі жөндейді, көмек бермейміз деп кетті.Неше күн жаңбыр болды. Анау тесіктің бәрінен су ағып жатыр. Өртенгені аз еді, енді үйіміз су астында қалды.
80 жылдан бері жөндеу көрмеген жатақхана онсыз да құлағалы тұр екен. Әкімдік бұл ғимаратты ескі деп, қиратуға жоспарлап қойыпты. Енді тұрғындар шенеуніктердің тілегі қабыл болды дейді. Өртті сылтауратып баспанасыз қалдыруы мүмкін деп күдіктеніп отыр. Оның үстіне қонаүйді де 10-шы тамызда босатулары тиіс екен. Ал әкімдік сол күйі үнсіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары