Табиғаттың тосын мінезінен еліміздің солтүстігі мен орталығы зардап шегіп жатыр
Еліміздің басым бөлігіндегі тұрғындар қолайсыз ауа райынан зардап шегуде. Көкшетаулықтар тілерсектен су кешіп жүр. Шығыста да нөсер жауынның толастар түрі байқалмайды. Орталық өңірдегі ақ жауын да жұртты көп әбігерге салды. Соңғы екі аймақта жел де күшіне мініп, тіпті кейбір жерлерде қатты дауыл соққан. Балқаш қаласында ғимарат шатырларын жұлып әкеткен күшті жел сол маңдағы шойын жолдың электр желілерін де зақымдап, Алматы-Астана бағытындағы пойыздар тоқтап қалды.
Автор: Саят Сабдалы
29.07.2014
Көкшетау көшелерін басқан, тілерсектен асқан қызыл су 100-ден аса тұрғын үйді басып қалған. Тұрғындар, ырық бермеген сумен өздері алысып, биліктен жәрдем болмай жатыр деп налиды. Ал шұғыл іске кіріскен қаланың коммуналдық қызметі үсті-үстіне келіп жатқан суды ағызар арық таппай әуре. Айтуларынша, қаланың еңісіне қарай тартылған тоғандарға судың кеткенін күтуден өзге амал жоқ.
Ал ел шығысында да нөсер жауын толастар емес. Оған қоса ауа температурасы күрт төмендеп кетті. Қатты дауылдан тіпті кей елді мекендерде жарық сөніп, телефон байланысы үзіліпқалған. Синоптиктер күн райының бұлай құбылуын Сібір циклонымен байланыстырып отыр. Алдағы күндері де күннің беті бері қарауы екіталай екен. Тіпті ауа температурасы нөлден төменгікөрсеткішке дейін барады деп ескертуде.
Аяулы Рыспаева, «Қазгидромет» РМК ШҚО бойынша орталығының синоптигі:
-Бұл циклон біздің облыстан, жалпы Қазақстан аумағынан кетіп, шығып бара жатыр деуге болады. Бірақ, алдағы бір-екі күнде осы ауа райы құбылыстары әлі де байқалады.
Ал Қарағанды тарихында соңғы уақытта тіркелмеген дауыл Ақтоғай ауданы мен Балқашта болды. Жылдамдығы секундына 40 метрге дейін жеткен жел қаланың ішін астаң-кестең қылған. Көпқабатты 4 тұрғын үй мектеп пен басқа да көптеген ғимараттардың шатыры жұлынған. Ағаштар мен аялдамалар түбімен жұлынып электр желілері жіп құрлы болмай үзілгенде бірнеше көше жарықсыз қалды. Әйтеуір жарақат алып зардап шеккендер жоқ. Дүлей дауыл осы аймақтан өтетін темір жол қозғалысына да кедергі еткен. Үзілген желілер желімделгенше бірнеше пойыз 10 сағаттай қаңтарылып қалды.
-Ауа райын болжаушылар солтүстік және оңтүстік циклондардың соқтығысуынан болған дауыл қайталанбаса да, әзірге қуанатын түк жоқ дейді. Орталық және Шығыс Қазақстан әлі қара бұлттың астында. Синоптиктер соңғы бір-екі күнде Қарағанды өңіріне жауынның 2 айлық мөлшері түскенін айтып отыр. Ауа температурасы да жылдағыдан төмен. Сондықтан арқа төсіндегілер нағыз жазды тамыздың ортасынан кейін ғана сезіне бастайды екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!