Жарылқап Қалыбайға салынған айыппұлдың көлемі 10 есе қысқарды
Жазасы жеңілдеді! Бүгін Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы журналының бір санын Гитлерге арнаймын деп басы дауға қалған Жарылқап Қалыбайға қатысты шешім шығарды. Ардагерлер мен бас редактор арасындағы дау мамыр айынан бері жалғасып келе жатқанын айта кетейік. Журналдан Гитлердің суретін көріп шамданған 13 адам сотқа шағымданып, арқайсысы миллион теңгеден өтемақы талап еткен болатын. Алғашқы сот та олардың талабын қолдай кетті. Бүгін апелляциялық алқа сол айыппұл көлемін 10 есеге қысқартты. Алайда Жарылқап Қалыбай оны да төлемеймін деп отыр. ...
Автор: Нартай Аралбайұлы
12.09.2014
strong>
Әр санына аңыз адамдарға арнайтын журналдың мамырдағы саны бұл. Жарылқап Қалыбайдың осы дау басталғаннан-ақ жалықпай айтып келе жатқан сөзі – мұнда Гитлер жата кеп мақталмаған да, датталмаған да. Мұқабада мұртты Гитлер болғанымен, ішінде сан алуан пікір бар. Бірақ сапының тең жарымынан астамы тыл ардагерінен тұратын 13 ақсақал «Аңыз адамның» аталмыш санын көріп қатты қапаланған. Алғашқы сот сол арызданушылардың арқайсына миллион теңгеден өндірілсін деген шешім де шығарды. Бірақ бүгін апелляциялық алқа басқаша шешім қабылдады.
-Ардагерлер ұйымы» республикалық-қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының есеп айырысу шотына қаражат аударуы арқылы әрбіреуіне 1 миллион теңгеден төлетіп алу талабы ішінара бұзылып әрбір талапкер өзіне 100 мың теңгеден төлетіп алсын.
13 миллион теңге осылайша бір тәулікте 1 миллион 300 мың теңгеге дейін түсті. Бірақ «Аңыз адам» журналының бітіспес дауға ұласқан осы санына бола әбден сот аралап сенделіп кеткен бас редактор Жарылқап Қалыбай бұл шешімге де риза емес.
Жарылқап Қалыбай, «Аңыз адам» журналының бас редакторы:
-1 миллион 300 мың түгілі 13 тиында төлемеймін және аяғына дейін соттасамын. Жоғарғы сотқа дейін барамын тіпті ол болмаса халықаралық сотқа да жүгінемін. Өйткені бұл 37-ші жылғы сот сияқты болып тұр.
-Әңгіменің әлқиссасы мынада, мамырда басталған соттағы отты процестің сірескен тоңының көбесі қыркүйекте ғана сөгілді. Алайда «Аңызадамдықтар» бір жеті ішінде бүгінгі соттың қаулысын қолтықтап тағы да әділдік іздемек. Айта кетері, бұған дейін таяқтарына сүйеніп сотқа жетіп жүрген арызданушы қариялар соңғы екі процеске келмеді. Қарияларды бастап жүрген заңгерлер де төбе көрсетпеді. Анығы біреу, бұл шу бүгінгімен де бітпейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!