Павлодарда жүргізушілер бензин таппай көше кезіп кетті
Павлодарда жанармай жетіспей жатыр. Қала көшелерінде осыған байланысты көлік қатынасы да әдеттегідей емес, саябырсып қалған. Жүргізушілер өздері көп қолданатын АИ-92 маркалы бензиннің аса қат болғаны былай тұрсын, жанармай бекеттерінің оны жөнсіз қымбаттатып жібергеніне өкпелі.
Автор: Әйгерім Шакаманова
12.09.2014
-Бензин тапшылығының елімізде күннен күнге ушығып бара жатқаны жасырын емес. Бұл мәселеге павлодарлық жүргізушілер де тап болып отыр. Жанармай бекеттерінде кезекке тұрудан әбден мезі болған олар қаһарлы қыста да дәл осындай күй кешемізбе деп алаңдап отыр.
Владимир Мамаев – АИ-92 маркалы бензинге қол жеткізе алмай жүргендердің бірі. Айтуынша, жанармай бекеттерінде кезекке тұру да үлкен қиындық тудырады. Өйткені жұрт көптеп алатын осы бензинге белгілі мөлшерде шектеу қойылған.
Владимир Мамаев, Павлодар қаласының тұрғыны :
-Маған 20 литр бензин ғана берді. Алыс жолға шығуым керек еді. Бензин багын толтыру үшін бірнеше бекетке баруыма тура келді.
Кезекті былай қойғанда, жанармайды талон арқылы ғана алу үйреншікті нәрсеге айналған. Тұрғындардың арасында үйінен шығып, діттеген жеріне жете алмай, діңкелеп қалғандар да бар.
Анастасия Гласкова, Павлодар қаласының тұрғыны :
-Маған қазір 95маркалы бензин болса да жетеді. 5 литрін де ала алмай, осы жерде балаларыммен тоқтап қалдым. Колонканың жанында тұрғанымда, ішіндегілер полиция шақырамыз, кетіңдер деп шу шығарды.
Бензин тапшылығын шындап сезінген тұрғындар қалтасын қағып жатыр. Мұнай өңдейтін зауыттың жанында тұрып, жанармайға жарымай жатқандарын жергілікті билік те мойындайды. Бірақ тапшылықтың қашан бітетінін өздері де дөп басып айта алмай отыр. Тек уәделері қашанғыдай дайын.
Гүлмира Жансейітова,Павлодар облысы кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының бөлім басшысы :
-Осы айдың ортасына дейін жағдай жақсарады деп болжап отырмыз. Көрші әріптестерімізден үлкен көлемде өңделген мұнай әкелінеді. Жанармай жергілікті зауытқа жеткізіліп, станцияларға таратылады.
Павлодар облысы бойынша бір айда кеңінен қолданылатын АИ-92-нің 10 мыңға жуық тоннасы тұтынылады екен. Ал қазіргі жағдайға байланысты бұл көрсеткіштің азайғаны анық. Тіпті кей жерлерде бензин тапшылығына байланысты жанармай құю станциялары жабылып та жатыр7
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!