Алматыда кафедегі жарылыстан зардап шеккендер қалай аман қалғандары туралы айтты
Алматыдағы кафелердің бірінде жойқын жарылыс болды. Салдарынан 18 адам зардап шеккен. Олардың үшеуі ауруханаға жатқызылып, қалғандары жеңіл жарақаттары таңылып, үйлеріне қайтарылды. Көк базардың жанындағы бизнес-орталықтың бірінші қабатында орналасқан кафенің қазір сау тамтығы жоқ. Көпқабатты ғимарат ішінде, оның үстіне адам жиналатын жерде газ баллонын пайдаланған дәмхана иесі енді жауасыз қалмайтын болады.
Автор: Нартай Аралбайұлы
18.09.2014
Керемет деп аталатын Көкбазардың іргесіндегі бұл кафе жастардың көп жиналатын орны. Осындай клиенттердің алды дәмхана ішінде топтаса бастағанда, кенет танауларына газдың жағымсыз иісі келіпті. Бірақ қызметкерлер келушілерді бәрі жақсы деп жұбатқан, ашуланғандарын ант-су ішіп алдаған көрінеді. Бірақ өздері әрлі-берлі құйғытып жүргенде газ баллоны атылған.
Дархан, зардап шегуші:
-Достарыммен далаға шығып бара жатқан кезде жарылыс болды. Үстімізге заттар құлады. Әрең дегенде шықтық. Адамдар қатты қорқып қалды. Жарылыстың даусы өте қатты шықты. Әйнектің сынықтары көшенің мына жағына дейін шығып кетті ғой.
Жарылыстан 18 адам зардап шеккен. Көбінің тәндерін тысқа ұшқан әйнектер тіліп кетіпті. Ал алып ғимараттың бірінші қабатында болған жарылыстың жойқындығы сонша, көрші мекемелердің де шынылары шағылған.
-Түн түндігін түргенде орын алған төтенше оқиғаның себебі екіұдай, бірақ салдары көрер көзге ұрып тұр. Шытынаған шынылар мен қопарылған қабырғаның қалдықтарын түгелдей жинап біту әлі де мүмкін емес. Қазір жарылыс болған аймақ түгелдей қоршалған. Тәртіп сақшылары да жүр мұнда. Бұл маңға өтпейсің өтсең қайтып кетпейсің деген қасаң қағида бар. Ал кафе қызметкерлеріне қандай да бір ақпарат беруге және тілшілермен тілдесуге қатаң тыйым салыныпты.
- Білесіз ғой заңды.
- Біз ішіне кіргеміз жоқ қой
- Қазір камераңды сындырам.
Бас-көз жоқ техникаға тұра ұмтылған кафенің қызметкерлерінен бір ауық тілшілердің бас сауғалауына тура келді. Таң атпастан олар тас талқан болған ғимараттың ішін қалыпқа келтіруге тырысып бағуда. Қабырғалары қақырап, терезелерінен түк қалмапты. Ал адамдарды қарадай жазым қыла жаздағандар апат орнын қымтап әлек. Қансырап қалғандары да қашып-пысып жүр мұнда.
-Мен білмеймін,енді ояндым.
Жойқын жарылыста жандары қалғанымен, тәндері тілінген жәбірленушілер кафе қызметкерлерінің о баста жағдайды дұрыс айтпағанына қапалы. Енді олар құқық қорғау орындарына арызданбақ.
Майра, зардап шегуші:
-Сағат 9-ға таман кафенің қызметкерлері жүгіріп жүрді әрі бері. Олар сол балонмен жүрген, өздері қашып жүрген. Бізге ескертпеді. Біз өзіміз сезіп жүгіргенше жарылыс болды. Бірінші кезекте сол жерде отырған адамдардың өмірін сақтау үшін ескерту керек еді. Кафені сақтау үшін жүгірмей. Бізге бір ауыз сөз айтса өзіміз шығып кетер едік.
Бақтияр Бекішов, Алматы қалалық №7 клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі:
-Қазіргі жағдайлары қанағаттанарлық. Ешқандай өмірге қауіп төніп тұрған жоқ. Бір науқасқа жаңағы Туров дегеннің өкпесінен қан алдық.Емдері кем дегенде 7 күн болады. Қалғанын кейін көреміз.
Енді осы оқиғаға қатысты өрт-техникалық сараптамасы тағайындалды. Апаттың нақты себебі сол арқылы белгілі болады. Сондай-ақ, құзырлы орындар жарылып кеткен газдың қайдан, қалай, кімнің қолымен жіберілгенін де анықтамақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!