Қажылық парызын өтеуге аттанған қазақстандықтарға биылғы сапар оңай соқпай тұр
Қажылық парызын өтеуге аттанған қазақстандықтарға биылғы сапар оңай соқпай тұр. Қағбаға жеткен отандастарымыз қазір жиі науқастануда. Көбі ыстық өту немесе тұмау секілді сырқаттар. Ал елімізден арнайы жеткізілген дәрігерлерге аталмыш жағдай ескеріліп жедел жәрдем көлігі алдырылды. Одан бөлек қажыларды Меккеге апарған компаниялардың да жұмыстары сынға ілігіп отыр.
Автор: Нартай Аралбайұлы
01.10.2014
Жедел жәрдемнің дабылына меккелік мұқым ел үйренген. Өйткені аптабы алпыс градусқа жуықтайтын қасиетті мекенге қажылығын өтеуге жеткен қандастарымыздың балтыры сыздап басы ауыра бастады тым жиі. Денсаулығы дімкәс қажыларға қызмет қылуға аттанған бес дәрігер қазір күні түні талмай жұмыс атқаруда. Умра басталғалы санаулы тәулік өтсе де жиырмаға жуық науқас түсіпті.
Манас Әбділдаев, дәрігер-кардиолог
- Ауа райы Меккеде өте ыстық, 45-50 градусқа дейін ыстық болады. Мына жатқан қонақ үйлерінде кондиционерлер тұр. Өте суық, қажылар ыстыққа шығады суыққа кіреді солай ауырып қалады, негізінен тұмаумен.
Ал қабақтары қатқылдау келген бұл адамдар Мекке мен Мединедегі қажылардың денсаулығына басымен жауапты жандар. Діни басқарма қызметкерлері, осылайша түн қатып жүріп қажылардың жағдайын біледі. Кімнің қалай, қайда жатқанын көреді. Тіптен ас ауқатына дейін бақылайды асханаға түсіп. Егер әкелген қажылары арыз айтса компания басшылары қатаң жазалады.
Ғылымбек Мажиев, ҚМДБ аппарат басшысы
- Егер де қажылық фирмалардың тарапынан өрескел тәртіп бұзғандар болатын болса келесі жылы Алла қаласа 2015 жылы қажыларға қызмет ету құқығынан айрылады. Себебі ҚМДБ бұл жерде квотаны осы фирмаларға үлестіруші. Бір жағдай болды бір Қазақстандық қажы күннің осындай аптабына қарамастан бес рет Умра жасаған. Денсаулығын аманат еткен қажыларға қиянат жасамау міндет, фирмалардың кемшілігі осылай боп жатыр.
Артынша тексерудің қорытындысын қолға алған жауаптылар қазақстандық қажыларды Меккеге жеткізген 20 компанияның басшысымен жиналыс өткізді. Кемшіліктерін айтып, қажыларға қырағы болуды тапсырды.
Бұл ескертпелерді келер жылғы қажылықтың қаржысынан қағылам деп емес, қасиетті сапарға келген қажылардың амандығы үшін қаперге алулары міндет компаниялардың. Өйткені Умра бүгін түйінделеді, ертең таң намазынан соң барша мұсылман Мина жазығына аттанады. Яки үлкен қажылықты бастайды. Ол жерде ашық аспан астында қажылыққа келген бес миллионнан астам мұсылман шатырларға жайғасып құлшылық жасайтын болады. Қапы қалмас үшін қауіпсіздік қаперде болуы қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!