Алматыда ата-аналар мектепті түрмеге теңеді
Мектеп емес, түрме! Алматыда осылай деп ашуланған бір топ ата-ана № 132-ші мектептегі қатаң тәртіпке қарсы шықты. Айтуларынша, білім ошағына ата-аналардың кіруіне рұқсат жоқ. Ал мектеп директорымен кездесу үшін министрдің қабылдауына барғандай, алдын- ала жазылуың керек екен. Бұдан бөлек, оқушылар арасындағы әлімжеттік пен ата-аналардан ақша жинауға да тыйым болар емес дейді наразы топ.
Автор: Досжан Маратұлы
08.10.2014
Бұлар – Алматыдағы 132-ші мектеп-гимназиядағы бірінші сынып оқушыларының ата-аналары. Осы білім ошағының директорына деген өкпелері қара қазандай.Айтуларынша,мектеп ішінде қатаң тәртіп орнаған. Яғни ата-аналардың, жиналыс болмаса, мектепке беталды кіруіне рұқсат жоқ. «Ал директормен кездесу алынбас қамалдай» дейді олар.
Анна Малышева, Алматы қаласының тұрғыны:
-Өткенде баламды мектептен үйге алып кетейін деп келіп, сыртта күтіп тұрдым. Сол уақытта оны жоғары сыныптың оқушылары сабап тастапты. Егер мен мектепке кіре алсам, ондай болмас па еді. Сол күні директор мені қабылдамай қойды. Тыңдаған да жоқ. Қуып шықты.
Ата-аналарды алаңдатқан мәселе тек бұл емес. Мұнда балаларына арналып оқулық берілмепті. Сондықтан оны өз қалталарынан ақша шығарып алуға мәжбүр болған.
Мария Ардашова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Мектепте ұсақ-түйек заттар үшін ата-аналардан ақша жинайды. Баламның осында оқып жатқанына бір айдан енді ғана асты. Бірақ қатты өзгеріп кетті. Психололгиялық соққы алды. Біресе өтірік ауырып қалып,біресе басқа сылтау айтып сабаққа барғысы келмейді.
Бүгін шыдамы шегіне жеткен ата-аналар ақыры білім ордасына басып кірді. Ал, мектеп басшысы өзіне шаң жуытқан жоқ. Айтуынша, мектептегі қатаң тәртіп білім басқармасының тапсырмасына байланысты орнаған. Яғни сабақ жүріп жатқанда, мұнда ешкімнің кіруіне болмайды. Бұл қауіпсіздік үшін де қажет. Ал ата-аналардың кітаптың жетіспеушілігі мен ақша жинау туралы айтқанын директор бірден жоққа шығарды.
Бибі Дуанабаева, №132 мектеп-гимназия директоры:
– Жоқ, ақша мүлде жиналмайды біздің мектепте. Сенбесеңіздер тексеріңіздер. Онсыз да жақында тексеру болды.
Десе де, мектеп басшысының бұл жауабы ата-аналар қауымын қанағаттандырмады.Енді олардиректордың үстінен прокуратураға шағым түсірмекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!