Алматыда үйлері өртеніп кеткен ондаған отбасы әлі далада қаңғып жүр
Аш ішектей созылған құрылыс! Алматыда тірідей өртеніп кете жаздаған 20 отбасы қара суық түссе де, әлі таныс пен туыстың босағасын сығалап жүр. Ал әкімдіктің уәде етілген құрылысы бітпек түгілі, іргетасы енді құйылып жатыр. Алғашында өрттің себебі туралы анықтаманы бір ай бойы күткен жұрт бала-шағасымен қоса күркеде күнелтіп жүрген. Енді күн күрт суытып, жаңбыр да толастамай қойған соң ол жерден де безіп кеткен.
Автор: Аруна Ортай
08.10.2014
Шайгүл Ташева түгі қалмай өртеніп кеткен үйінің орнына күнде келеді. Ондағы ойы туысының бөлмесін босатып, ертерек өз босағасына көшіп алу. Бірақ, тақыр жерден басқа мұнда әлі түк жоқ.
Шайгүл Ташева:
-Тезірек бітіп үйімізге келіп кірсек дейміз. Жаңа жылға дейін кірсек, жаман болмас деп ойлаймын.
-Неше күн болды, екі күн сол жаңбыр. Енді күтеміз, амал жоқ. Қайтейін?
Өртенген үйдің қаңқасы қиратылып мұнда жаңадан баспана бой көтеруі тиіс болған. Құрылыстың аяқталуын 50 адамнан тұратын 20 шақты отбасы тағатсыздана күтіп жүр. Бірақ дәл қазір мұнда шулаған ауыр техника да, қыбырлаған құрылысшы да көрінбейді.
-Тоқтаусыз жауған жаңбыр құрылыс жұмыстарын тұралатып тастады. Айналаның бәрі батпақ, малмандай су. Үйдің іргетасы құйылған, ішіне қиыршық тастармен де толтырылыпты, бірақ жауын тоқтамайынша жұмыстың әлі де алға баспайтын түрі бар.
Өрттен зардап шеккен Байжановтар әулеті де жауынның тоқтауын тілеп жүр. Кері жағдайда олар қысты осы күркеде қарсы алмақ. Төрт балалы отбасы сарай ішін паналаған. Құрылыс жоспары бойынша олар жылы баспанаға қыс түспей кіруі тиіс.
Ільяс Әділ, Түріксіб ауданы әкімінің орынбасары:
- Жоспар бойынша бүгін ортасын толтырып, стяжка жасап, ертеңіне қабырғаларын әкеліп, соны құрамыз. Бірақ бүгін жауын боп тұр, сондықтан жұмыстар кішкене тоқтап жатыр.
Құрылысты дер кезінде аяқтаймыз деп ант-су ішкен жергілікті шенеуніктер жауын бітсе болғаны, үйдің қабырғасын көтермек. Бірақ, ауа-райының әлі қалай ауары белгісіз. Сол себепті, өрттен зардап шеккен тұрғындардың әлі де болса кісі босағасын паналауына тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!