Депутат Өмірзақов Лас-Вегасқа барып құмар ойынға ақша тіккенін мойындады
Ойын бизнесінің көркін қыздырғандарға тықыр таянды. Үкімет букмекерлік кеңселердің тұрғын үйлерде орналасуына тыйым салуды ұсынды. Алайда, ойын бизнесі туралы заң жобасы халық қалаулырының пікірін екіге жарды. Бірі жастардың қалтасын қағып жатқан құмархананы қала сыртына көшіруді қолдаса, екіншісі интернет-казинолар мен букмекерлік кеңселерді жапсақ, бюджетке түсім азаяды деп азар да безер. Өзара тартысқа түскен депутаттар соңында өздерінің де казиноға барып, қанша ақша жұмсағандарын мойындап қойды.
Автор: Гүлнұр Имандосова
08.10.2014
Спорт министрлігі «Ойын бизнесі» туралы заң жобасы дәл бүгінгідей қызу пікірталас тудырады деп ойламаса керек. Бұл тақырып майдай жаққан депутаттардың «ә» дегеннен арыны қатты болды. Сөйлеуге таласқан әріптесін Мәжіліс төрағасы тыйып тастады.
–Ешкімді үйретпей-ақ қойыңыздар. Сондай сөздерден бас тартуларыңызды сұраймын.
Алайда, депутаттар ескертуді елеген жоқ. Тіпті Тұрсынбек Өмірзақов букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар сыртта емес, қаланың қақ ортасында болуы керек деп даурықты. Тосыннан айтылған партияласының сөзі коммунистердің көсемі Косаревқа жақпай қалды. Сондықтан ол әріптесінің айыбын шуып-шаюға дереу кірісті.
Владислав Косарев, Мәжіліс депутаты:
- Тұрсынбек Қазенұлының позициясы партияның ұстанымын білдірмейді. Парламентте кімнің қайда карта ойнауы керектігін талқылау масқара емес пе?Мен үшін бұл қорлық.
- Қәне, доғарайық.
- Айтып болдыңыз ба?
- Әйтпесе, партияларыңыз екіге бөлініп кеткелі тұр
Букмекерлік кеңселерден бөлек, депутаттар интернет – казиноларға тыйым салу керек деп отыр. Мұны бастама авторлары да лезде қолдай кетті.
Тастанбек Есентаев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:
-Электрондық казиноға тыйым салуды заңға енгізуді жоспарлап отырмыз. Себебі, электронды казиноны көбіне шетел азаматтары ойнайды.
Ал коммунист Өмірзақовтың букмекерлік кеңселер мен казинолардың шетте емес, қала орталығында болуын қолдайтыны бекер емес екен. Кезінде өзі де ұтысқа талай бәс тігіпті. Тіпті АҚШ-тың Лас-Вегасына барып, 18 мың теңгесін ойынға салып жібергенін де жасырған жоқ.
Тұрсынбек Өмірзақов, Мәжіліс депутаты:
- Мен онда 100 доллар ұтылып қалдым. Ұту үшін көп ойнау қажет, оған тәжірибе жоқ. Казиноның жаман жағы бар, көп ойнап кетіп ақшаларын салып жібереді. Бірақ, жақсы жағы да бар.Бізге салық түседі.
Сол салық төлеп отырған букмекерлік кеңселердің қожайындары табысты істерін бас тартқылары жоқ. Заң жүзінде тыйым салынса көлеңкелі бизнес өршиді деп отыр. Десек те, ұзақ дауласқан депутаттар «Ойын бизнесі» туралы заңды бірінші оқылымда бекітіп жіберді. Заң букмекерлік кеңселерді түбегейлі жабуды көздемейді. Тек оның үйлердің маңынан аулақ орналасқанын құп көреді.
-Бүгінде букмекерлік кеңселердің көбі тұрғын үйлердің астыңғы қабатында орналасқан. Негізгі келушілері - жастар. Сондықтан, заң жобасы құмарханаларды тұрғын үйлерден оқшаулауды ұсынып отыр. Сондай-ақ оларға салынатын салық мөлшері де ұлғаяды. Талапты орындамағандар лицензияларына айырылады, болмаса 4 миллион теңге айыппұл төлейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!