Түркістандық кәсіпкерден Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңында бизнес жасау үшін ақша талап еткен
Автор: Бек Әбиев
09.10.2014
Оңтүстік Қазақстан облысындағы әулиелі жерден ши шықты. Түркістандық кәсіпкер, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңында бизнес жасауым үшін қорық-мұражай басшысы ай сайын бір жарым миллион теңге беруімді талап етті деп отыр. Мәулен Садықбек мұнша ақшаны бере алмайтынын айтқан әйелдің кетуін талап етіпті. Осылайша, 4 жылдан бері кесене түбіндегі тірлігін дөңгелетіп отырған Есенкүл Махамбетова басшыдан жәбір көрдім десе, директор кәсіпкердің заңды белшесінен басып отырғанын алға тартуда.
Жиған-тергенін кәсіп қыламын деп, 4 жарым жыл бұрын асхананы жалға алған Есенкүл Махамбетова биылға дейін тірлігін тәуір дөңгелетіп келген. Алайда жаз бойы жүз шарпыспаған кешен басшысы Мәулен Садықбек пен кәсіпкер әйелдің арасына аяқ асты ши жүгіріпті.
Есенкүл Махамбетова, кәсіпкер:
-Бір күні бастық шақырдыМәулен Садықбеков. Бардым, барсам осындай бір жарым миллион ақша бересің, болмаса сіздің орныңызға біреуді аламын деді. Одан төмендеу болмайды ма десем, жоқ болмайды. Тура 1 жарым миллион ақшаны беріп тұрасыз ай сайын, мен болмайды дедім.
Мұндай қаражатты бере алмайтынын айтқан соң, кәсіпкердің басына қара бұлт үйіріліпті. Бірден асхананың жарығы қиылған. Азық-түлігін кәсіпкер қазір жақын маңдағы дүкендерде сақтап жүр. Ал 15 жұмысшысы ертеңгі күндеріне алаңдаулы.
Ибагүл Килібаева, аспаз:
-Әжептеуір жұмыс істеп жүр едік осы жерде. Бала-шаға бағу менің мойнымда, шалым 20 жыл болды қайтыс болғанына, 3 қыз 3 балам бар, 15 немерем бар. Бұл жерден шығарып тастаса қайда барам?
-Қасиетті Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің түбінде тұрғандығы асхана үшін әрі бағы, әрі соры боп тұр. Жақсысы зиярат етушілердің көбісі кесене түбіндегі асханаға соқпай өтпейді. Алайда бизнес үшін аса ыңғайлы, жайлы жер учаскесі үшін таласатындардың да қарасы қалың.
«Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының басшысы болса кәсіпкердің өзі заң бұзды дейді. Есенкүл Махамбетова 85 шаршы метр асхана аумағына қосымша құрылыс салған екен. Ал «1 жарым миллион теңге сұрады» дегені қып-қызыл өтірік деді.
Мәулен Садықбек, «Әзірет Сұлтан» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры:
-Құрылыс салған. Екіншіден ол өзінің белгіленген аумағына бар ғой, әр шаршы метріне қосымша ақы төлеуі керек. Оған қарамай қанша жылдан бастырманың астын пайдаланып келді ғой. Біз оған ештеңе деген жоқпыз. Біздің тараптан егер түсінген адам болса кәсіпкерге бізден артық көмектескен ешкім жоқ.
Қазір облыстық мүлік және жекешелендіру департаменті мен кәсіпкер арасындағы келісім-шарт бұзылып, тіпті кешендегілер Есенкүл Махамбетованы сотқа да беріп жатыр. Ал кәсіпкер басшысынан қысым көріп отырмын деген арызын арқалап, енді Астанаға аттанбақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!