Семейде тамаққа ақша таба алмаған мүгедек жұрттан көмек сұрады
Семейде төсек тартқан мүгедек адам төзгісіз жағдайда өмір сүруде. 48 жастағы Манарбек Байбұрашев алған жарақатынан кейін жүріп-тұрудан қалған. Қазір оған азаматтық некедегі жұбайы қарайласуда. Ал тұрақ ретінде олар жаздық саяжайды пайдалап отыр. Оның ішінде су, тіпті, жарық та жоқ. Жалғыз жәрдемақыға қараған шаңырақта жарытып ішер асқа да жарымай жүр.
Автор: Олжас Сайлаубекұлы
09.10.2014
Аядай бөлменің ішіндегі жұпыны төсек, жұмсақ матрастың орнына тегіс тақтай мен жыртық-жамау көрпе. 48 жастағы Манарбек Байбұрашевтың көріп жүрген күні осы. Кезінде Тарбағатай ауданынан қалаға қоныс аударған азамат, ауыр жарақат алып, соның кесірінен қозғалып, сөйлеуден қалыпты.
-Күні бойы осылай жатады.
Бір қызығы, жігіт ағасы төсек тартып жатса да, оған мүгедектіктің 2-ші тобын ғана тағайындаған. Жәрдемақысы да бар болғаны 25 мың теңге.
-Мүгедектің алатын жәрдемақысы ішер асы мен дәріден артылмайды. Төбесі сөгіле бастаған жаздық саяжайды жөндеу олар үшін тіптен қымбат. Ал қыс болса, қыр астында. Енді мүгедекке бас-көз болып жүрген келіншек, көмірді қалай аламын деп бас ақтыруда.
Ауыр жағдайдағы азаматқа қарайласып жүрген азаматтық некедегі жұбайы Шолпан Ахметжанова жұмыс істемейді. Қазіргі бар шаруасы азын-аулақ ұннан тамақ әзірлеп қалтырап қалмас үшін пеш жағу. Қисайған есіктен кіретін ызғардың кесірінен мұнда күні бойы от салып отыру керек.
- 45 градус аяздарда тоңып қаламыз.
Тұрмыстың ауырлығына қарамастан, әйелдің мүгедек жолдасын әлеуметтік мекемелерге тапсырғысы жоқ.
Шолпан Ахметжанова, Семей қаласының тұрғыны:
-Мен қорқамын оны ауруханаға Үкіметке тапсыруға. Не де болса, өзім қараймын. Өлсек, өлеміз, қалсақ, қаламыз.
Жалғыз бөлменің бір бұрышында жиылған отын шамамен екі жұмаға ғана жетеді. Ал далада қазірдің өзінде күн суық. Сондықтан бір-біріне сүйеу болып ашқұрсақ жүрген жандар қайырымды адамдардың көмегіне мұқтаж.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!