Өміраев ұзақ мерзімге абақтыға жабылуы мүмкін
Мүслім Өміраев 12 жылға сотталасын. Бүгін мемлекеттік айыптаушылар Ауыл шаруашылығы министрінің бұрынғы орынбасарын осындай мерзімге қатаң тәртіптегі абақтыға жабуды сұрады. Сондай-ақ, дүние-мүлкін мемлекет есебіне тәркілеуді талап етті.
Автор: Гүлнұр Имандосова
09.10.2014
Прокурордың ұзақ мерзім сұрайтынын іштей сезді ме, әйтеуір Өміраев өзін салқынқанды ұстады. Бұған дейін істі қайта тергеуді талап еткенімен өтініші ескерілмей қалған болатын. Осыған қарағанда, лауазымды шенеуніктің ақталып шығуға үміті азая бастаған секілді. Алматылық кәсіпкерге тендерді ұтып беремін деп пара алған экс-вице министр былтыр қыста өз пәтерінде 100 мың долларды санап алып жатқан сәтінде ұсталған еді. Кейін араға туған балдызын салып, тағы 7 миллион теңге ауызбастырық алғаны анықталды. Бірақ Өміраев сотта алғаным пара емес, қарыз ақша болатын деп күмәнділеу мәлімдеме жасады. Тіпті миллиондарды әкемнің жылдық асын өткізуге және банктегі несиемді жабуға алдым деген-ді. Айта кетсек, осы орынбасарының кінәсі дәлелденсе, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков отставкаға кететінін айтқан. Енді оның да сыналар шағы жақындап келеді. Ал, Өміраевтың өзі тағылған айыпты мойындаудан бас тартып отыр.
Мүслім Өміраев, Ауыл шаруашылығы министрінің бұрынғы орынбасары:
- Ветеринарлық дәрі-дәрмектердің тендеріне менің еш қатысым жоқ. Ккуәгерлер жалған ақпарат берген. Ал, кәсіпкер мен пара жеткізді делінген Антимонов пен Макаренкоға көмек бергенім жоқ. Мен мұны ашық айта алам.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары