Қостанайда шенеуніктер тұрғындарды жылусыз қалдырды
Газбен жарылқаймыз деп жылусыз қалдырды. Қостанайдың шеткі аудандарындағы жұрт атқамінерлердің кінәсінен қазір бүрсеңдеуге мәжбүр. Себебі көктемнің келісімен олар газ құбырларын жүргізуді бастап, пештерін бұздыртыпты. Енді жұмыс аяқсыз қалған.
Автор: Олжас Байжан
13.10.2014
Бас-аяғы 20-дан астам отбасы газ компаниясымен келісім-шартқа отырып, 400 мың теңгеден төлеп қойыпты. Олар үй ішінде қажетті құрылғыларды орналастырғанымен, көшедегі құбырлар толығымен тартылмаған. Ал биылдан бастап көмір тасып, әуре болмаймыз деген жұрттың еске пештерін бұзып тастағаны жағдайды қиындатып отыр.
Фатима Өтебаева, Қостанай қаласының тұрғыны:
– Береміз газды, пешті алыңыздар деді. Соны алдық. Енді бір тоқпешпен отырмыз. Қазір күн жылы. Суытса қайтемзі? Бала ауырды, өзіміз ауырдық. Мінеки қазір менің аяқтарым қақсап тұр.
Ауа-райының күрт суығанынан егде жастағылардың сүйектері сырқыраса, кішкентай балаларға суық тиіп, барлығы ауыра бастаған. Бірнеше ай бойы әкімдікке барып шағымданудан шаршаған жұрт, жағдай оңалмаса әкімнің кеңсесін паналаймыз деп ашулы. Ал газ компаниясы толықтай тартылмаған құбырларға көгілдір отынды жібере алмайтындығын алға тартып отыр. Жақын күндері жылусыз қалған жұрт пен жергілікті басшылар шұғыл жиналыс ашып, сол жерде тығырықтан шығар жолды іздеп көрмек. Ал ол уақытқа дейін қостанайлықтар қардың жауып аяздың келмеуін тілеуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!