Арыс жұрты шенеуніктерге өкпелі
Оңтүстік Қазақстандағы Арыс қаласында тұтас ықшамаудан басшылардың назарынан тыс қалып отыр. Оның тұрғындары үйлеріне жарықты өздері тартып, жолды да өз қаржыларына төсеткен. Суды да шалғайдан алдырып ішетін халық жергілікті әкімдіктен бірнеше жылдан бері мәселесін шешіп беруін өтінсе де, басшылары мойын бұрмапты.
Автор: Бек Әбиев
15.10.2014
Мұндағы алғашқы үйлер осыдан он жыл бұрын салынған. Содан бері жол, су, жарық секілді қарапайым нәрсенің өзін тұрғындар өз қалтасынан ақша шығарып жасатып келеді. Әкімдік 3 жыл бұрын ескі трансформатор қойдырып беріп сонан кейін мұнда мүлдем бас сұқпапты. Электр бағаналары мен сымдарын да әр отбасы 30 мыңнан ақша шығарып өздері тартып алған. Бірақ, бір трансформатор жүзден аса шаңырақтың қажетін өтей алмай отыр.
Асатулла Сүпбаев, Арыс қаласының тұрғыны:
- Тоқ пеш қосу дегенді ұмыттық. 21 ғасыр, оны жұрттың бәрі қолданып жатыр ғой. Бізде ол да жоқ. Компьютерлер жанып кетіп жатыр.Есебі жоқ.
Шығынды былай қойғанда, елдің әупірімдеп жүріп қойған бағаналары қисайып, сымдары салбырап тұр. Жел мен жаңбырлы кезде бір-біріне ілінетін сымнан от шығып, жұрттың зәресін алады. Мұнда электрден бөлек судың өзі тұрғындарға қауіп төндіріп тұр. Не құдығы, не құбыры жоқ ауыл оны шалғайдан қыруар қаржы шығарып, тасып ішеді.
– Жазда бұл құрттайды. Адамдар бауырқұрт боп жатыр. Сол бауырқұртқа шалдығады өтірік емес. Мысалы, менің үйдегі жұбайым 2 мәрте операцияға түсті, осы судың кесірінен.
Өз беттерімен күн көріп үйренген қараша қазір жолды да өздері жасатып жатыр. Әр үй 40 мың теңгеден шығарыпты. Ал шенеуніктер бұған дейін бұл ауданның мәселесін шешу мүмкін болмады дейді. Себебі, халықтың саны аз болған. Енді ол көбейгенде қыруар қаржы керек деп отыр.
Ербол Сағындықов, Арыс қалалық тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары:
-Электр энергиясына қосымша, тағы да жобалық сметалық құжат дайындап бірінші суымен, жолын істеп алсақ жаңағы 1 миллиард 700 миллион бөлінсе, қаржыландырылса артынша светін жөндейміз.
-Жаңа жол төсеп, таза су мен қуатты жарық беру үшін шенділер құжат жасап, биыл ғана облысқа өткізген. Енді бір жарым миллиардтан аса қаржыны бөлуді Арыс емес, Шымкент шешеді. Ал бұл дегеніңіз сапалы жарық пен суға қолы жетуі үшін ел тағы бір жылдай күтуі керек деген сөз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!