Өміраев сотталған күні Мамытбеков үнсіз қалды
Өміраев 10 жылға сотталды! Бүгін Астана соты Ауыл шаруашылығы министрінің бұрынғы орынбасарына осындай үкім кесті. «Ірі көлемде пара алды» деп айыпталған экс-шенеунік енді жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтеуі тиіс. Бар жиған тергені де тәркіленетін болады. Өміраевтың өзі үкімге қатысты жақ ашқан жоқ. Ал, орынбасарымның кінәсі дәлелденсе, отставкаға кетемін деп уәде берген Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков соңғы уақытта тіпті көрінбей кетті. Сөзінде тұрып қызметінен кете ма жоқ па, бұл жағы белгісіз.
Автор: Жәудір Оразхан
16.10.2014
Бұл Мүсілім Өміраевтың журналистерге соңғы рет жымия сұхбат берген сәті. Былтыр желтоқсанда Үкіметте баяндама жасап кейін тілшілермен тілдесіп еді. Ал, үш күн өткен соң Өміраев өз пәтерінде 100 мың доллар көлемінде пара алып жатқан жерінде ұсталды. Бұған дейін балдызы арқылы тағы 7 миллион теңге ауызбастырық алған екен. Өз кезегінде алматылық кәсіпкерге мемлекеттік тендерді ұтып беруге уәде еткен. Кейін қыруар қаржыны әкемнің жылдық асын өткізуге және банктегі несиемді жабу үшін қарызға алдым деп сан рет ақталғаны бар. 10 айдан бері қамауда отырған сол экс-шенеунік бүгін сот залына соңғы рет келді.
1 жарым айға созылған ақырғы процессте айыпталушы әдеттегідей қобалжып тұрғанын білдірмеуге тырысты. Әріптестерін қолдауға жақында ақталып шыққан Мақсұт Бақтыбаев та келіпті. Бүгін экс-шенеуніктің алғашқы отырыста төбе көрсеткен келіншегі де көрінбеді. Ал бұған дейін істі қайта тергеп әділ үкім кесуді сұраған Өміраевтың тілегін судья орындай алмады.
Ербол Рақымбеков, судья:
-Өміраев 10 жылға сотталып жазасын қатаң режимдегі колонияда өтесін. Барлық дүние мүлкі мемлекет есебіне тәркіленсін. Сондай-ақ, 7 жылға дейін мемлекеттік қызметте істеуіне тиым салынсын.
Дәл осылай болатынын білді ме, Өміраев жақ ашпады.
-Үкімге қатысты не айтасыз?
- (Басын шайкайды.)
Бұрынғы Ауыл шаруашылығы вице-министрі кейін сот залынан әкетілді. Оған қарағанда қорғаушысы қатты ашулы, абдырап қалған адвокат сыртта есін жия алмай жүр.
-Камераны ары алшы. Мазаламаңдаршы. Өтінем..
Ал дәл осы орынбасары тұтқындалғанда Ауыл шаруашылығы министрі қызғыштай қорғаған болатын. Тіпті кінәсін сот дәлелдесе отставкаға кетемін деп мінез көрсеткені де есте.
Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: (24 желтоқсан, 2013)
-Мен Өміраевті адал және парасатты адам ретінде танимын. Сондықтан бұл үлкен қателік деп ойлаймын. Кінәлі деп елімізде Конституцияға сәйкес, соттың үкімімен ғана анықталады. Егер ондай үкім шығатын болса, Өміраевтің коррупциялық қылмыс жасағаны расталса, онда мен отставкаға беруге дайынмын.
Айтарын айтқанымен бүгін Мамытбековтың үні шақпай қалды. Қаншалықты сөзінде тұратынын білу үшін жұмыс орнына іздеп бардық. Міне, министрдің қызметтік көлігі орнында тұр, яғни жұмыста. Бірақ, Ауыл шаруашылығы министрінің сұхбат беруге құлқы болмады. Тек баспасөз хатшысы арқылы: « Өміраевтың әлі шағымдануға құқығы бар, сондықтан сотталды деу әлі ерте» деп сәлемдеме жолдап жіберіпті.
Яғни меңзеп отырғаны апелляциялық сот. Бұл инстанцияға шағымдануға Өміраевтың 15 тәулік уақыты бар. Бірақ ақталып шығарына үміт аз. Сондықтан Ауылшаруашылығы министрі Мамытбеков қоғамдық пікірдің қыспағымен қызметінен кету туралы өтініш беруі мүмкін. Ал отставканы қабылдау немесе қабылдамауды президент шешетін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!