Денсаулығы нашарлаған Ерлан Арын камерасына сағат қоюды сұрады
Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арынға қатысты іс қосымша тергеуге жіберілді. Айыптау қорытындысы прокурорлардың көңілінен шықпай қалған. Енді тергеушілер жұмысты қайтадан жалғастыруы тиіс. Ал экс-шенеуніктің жақындары оның денсаулығына алаңдаулы. Қан қысымы көтеріліп, жүрек талмасына шалдыққан Арын ем-домын да уақыты жасай алмай, жағдайы күн санап нашарлаған көрінеді.
Автор: Әйгерім Шакаманова
17.10.2014
-Биыл көктемде ірі көлемде пара алды деп қамауға алынған Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арын қазір осы тергеу изоляторында. Дегенмен, ел аузындағы осы іске нақты қашан нүкте қойылары белгісіз. Өйткені тергеу-тексеру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Журналист Жеңіс Мананбаев мұнда жиі келіп тұрады. Кезінде Павлодар мемлекеттік университетінде Ерлан Арынмен бірге жұмыс істепті. Отбасыларымен аралас-құралас. Айтуынша, қазір экс-әкімнің денсаулығы сыр бере бастапты. Бұған абақтыдағы өмірі кері әсер еткен. Наурыздың жетісіне қараған түні қамалған Арын осымен жетінші ай темір торда отыр.
Жеңіс Мананбаев, Е.Арынның досы:
-Осы жолы алма мен помидор, виноград әкелгем алманы ғана алады. Ерекеңе жан ашиды. Ауру кісі, қазір жатыр. Әлі сот болған жоқ. Алты ай болды, созылып жатыр. Адам түрмеде бір күн жатқанда жынданып кетуі мүмкін. Мынадай атақты адамды қорлап жатқанға таң қаламыз.
Тергеу әлі жалғасып жатқандықтан, Ерлан Арынды қамау мерзімі қарашаның ортасына дейін ұзартылды. Ал облыстағы қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері тергеу қапасында адам денсаулығына әсер ететіндей ештеңе болған жоқ дейді.
Борис Гаврилюк, Павлодар облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бөлім бастығы:
- Тергеу абақтысында барлығына ереже ортақ. Тамақ бірдей, медициналық көмек те бәріне бір деңгейде көрсетіледі. Ешкімді алалап жатқан жоқпыз. Арын да осы ережеге бағынады.
Павлодар облысының әкс-әкіміне қаланы абаттандыру үшін демеушілер бөлген 23 миллион теңгені жымқырды,және 137 миллион көлемінде пара алған деген айыпталуда. Ал оның ендігі жағдайының қалай болары белгісіз. Күрмеуі шешілмеген бұл мәселе жөнінде адвокат та тіс жармай отыр. Дегенмен, қан қысымы көтеріліп, жүрек талмасы ауруына шалдыққан айыпталушының ем-дом қабылдап жатқаны мәлім. Тек бөлмесінде дәрі-дәрмекті уақытында қабылдау үшін қажет сағат жоқтығын жеткізіпті. Алайда изоляторға сағат қою түрме ережесіне қайшы екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!