Инчхонда алғашқы алтынды суға жүзушілер жеңіп алды
Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан паразиада ойындарында отандастарымыз жақсы өнер көрсетуде. Небәрі екі күн ішінде жүзден астам медаль сарапқа салынып, соның сегізін отандастарымыз қанжығаға байлады. Оның біреуі алтын, төрт күміс және үш қола жүлде. Әлі алтын алады деп үкілеп отырған талай спортшымыз бар.
Автор: Олжас Байжан
20.10.2014
Паразиада ойындарының басталғанына екі күн, десе де сол уақыт ішінде жүзден астам медаль сарапқа салынып үлгерді. Спортшыларымыздың аяқаласы әзірге жаман емес. Тек сынға алғашқы болып түскен жеңіл аттеттердің бағы кәріс жерінде жана қоймады. Есесіне суға жүзу шеберлері ерлеп тұр. Жеті бірдей медальды қоржынға салған сол спортшылар. Оның үшеуі қола, үшеуі күміс және бір алтын.
Ал көлік апатына түсіп, көру қабілеті нашарлаған Әнуар Сариев дзюдодан қазақ елін таныстыратын жалғыз спортшы. Он жылдан астам кәсіби түрде дзюдомен айналысқан 22 жастағы жігіт Инчхондағы алғашқы кездесінде Тайпей өкілін жығып, екінші айналымда Моңғол спортшысына да бой берген жоқ. Тек жартылай сында жергілікті балуанға есе жіберді.
Әнуар Сариев, дзюдошы:
-Кәдімгі күрес не, мына параолимпиада не айырмасы жоқ. Қарсыластар мықты. Оны менсінбеуге болмайды. Кез келген жарыс оңай емес, оған дайындалу керек, көп еңбектену керек. Мүмкін өзімнің күш қуатым жетпеді.
Ал волейболдан ұлттық құрамамыз әлемнің 8 дүркін чемпионы Иран командасымен бір топта өнер көрсетеді. Алғашқы ойынды Жапониямен өткізген қазақ жігіттері жақсы ойын өрнегін көрсетіп, үш кезеңде де басымдыққа ие болды. Моңғолияны да ойсырата жеңіп, ендігі кездесудің нәтижесіне қарамастан олар жартылай финалға өтеді.
Берік Ізмағамбетов, Қазақстан волейбол командасының капитаны:
-Мақсатымыз Бразилияда болатын паралимпиада ойындарына жолдама алу. Қарсыластардың барлығы үлкен дода болған соң, жалғыз лицензия ойнатылатындықтан мықты дайындалып келеді. Осалы жоқ.
Одан өзге арбамен билеуден Ардақ Отарбаев пен Айдана Бегленова екінші орынды иеленді. Сондай-ақ паразиадашыларымыз үстел теннисі, пауэрлифтинг пен садақ атудан келесі кезеңге өтті.
-Екі күндік жарыс қорытындысы бойынша Қытай спортшылары 53 алтын алтын алып, көшбасшы атанды. Олардың соңынан 20 алтынмен ойын қожайындары орналасса, жапондықтар жеңіс тұғырына 17 рет көтеріліп, үздік үштікке ілінді. Ал Инчхонның алғашқы екі күні қазақ қоржынын жалғыз алтынмен ғана жарылқады. Одан өзге біз 4 күміс және 3 қола жүлде алып, уақытша 14-орында тұрақтадық. Бірақ жаттықтырушылар бәс тігіп, ал сақадай сай келген спортшылардың өздері алтыннан алқа тағынсақ деп алақандарын ысқылап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары