Семейде жетімдер үйінің түлегі бала-шағасымен далада қалды
Семейде жетімдер үйінің түлегі балаларымен қоса, адам төзгісіз жағдайда күн кешуде. Жаздық саяжайды паналаған олар мемлекеттік бағдарлама бойынша жатақханадан бір бөлмеге қол жеткізу үшін құжат жинаған. Алайда жас мөлшеріне бола жобадан шет қалған. Қырсыққанда, саяжайдағы лашықтары да өзгенің қолына өтудің аз-ақ алдында. Тығырыққа тірелген екі баланың әкесі енді не істерін білмей дал.
Автор: Олжас Сайлаубекұлы
21.10.2014
Мына лашықты балалар үйінің түлегі Нұрғазы Жүрсінбаев өз қолымен салған. Кезінде саяжайдан жер бұйырғанына қуанған азамат құжаттарға аса қатты мән бермепті. Ал жақында жергілікті кооператив қағаздарды реттемесең, жарықты сөндіреміз, тіпті, үйсіз қалуың мүмкін деген. .
Нұрғазы Жүрсінбаев, Балалар үйінің түлегі:
-Мен де, әйелім де балалар үйінен шықтық. Қайда барарымды білмеймін. Көмектесер жан жоқ. Кез келген күні келіп, үйді босат деуі мүмкін.
Тапқан-таянғандары тамақтарынан аспайды. Қолдарында мектеп жасындағы екі балалары бар. Бір қайыр болар деп, отағасы баспана кезегіне тұрған. Жауаптылар жақын арада салынатын жатақханадан бөлме болады деп үміттендіріп, кілт үлестірер шақта бағдарлама талабына сай келмейсіздер деп қысқа қайырыпты.
Нұрғазы Жүрсінбаев, Балалар үйінің түлегі:
-Мен құжатты әу баста тапсырғанда әйелімнің 29 жастан асып кеткенін білген. Неге босқа әуреге салады? Жалғызбасты әке болып пәтер алу керек пе еді? Жұбайыммен ажырасу ғана қалды.
Бағдарламаға сәйкес, ерлі зайыптылардың екеуі де 29 жасқа толмай құжат тапсыруы тиіс. Ал жұмыспен қамту бөліміндегілер қолдан келгенді істедік,- деп ақталды.
Валентина Титаренко, Семей қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:
-Олар тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына барып, үй кезегіне тұра алады. Балалар үйінің түлектері үшін жеңілдіктер бар. Ал біздің тарапымыздан бөлінген бөлмелер тек «жас отбасы» санатына толық сай келетіндер үшін қарастырылған.
Әр жерде жалданып жұмыс істеп жүрген Нұрғазы бар тапқанын отынға жұмсап отыр. Қыста баспаналарынан айрылып қалса, пәтер жалдауға да шамалары жоқ. Тығырықтан шығар жолды енді қалай табам деп бас қатыруда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!