{metadescription}
0:000:00
Ақтөбеде жүздеген тұрғын жылусыз қалды

Ақтөбеде жүздеген тұрғын жылусыз қалды

Ақтөбе іргесіндегі 50 шаңырағы бар ауыл қар түскенде жылусыз қалды. Жұрт күзде газ кіргізіп беруге уәде еткен шенеуніктерге сеніп, көмір жағатын пештерін де бұзып тастаған. Енді Белогор карьеріндегі тұрғындар бүрсеңдеп жүр. Жергілікті атқамінерлер болса суықтан қалтырап отырған ауылдықтарды сабырға шақырып әлек.

Белогор карьерінің жанындағы шағын ауыл тұрғындарының күні осындай электр пешіне қарап қалған. Күн күрт суытқалы бері оның да күші бір үйді жылытуға жетпейді. Ал жыл сайын от жағып жүрген пештерін күзге дейін көгілдір отын беріледі деген соң бұзып тастапты. Орнына арнайы газға арналған қондырғыларды орнатып қойған. Тіпті көше бойынан газ құбырлары тартылған соң көмір түсірмек түгілі, тамызыққа да отын жинамапты.

Шолпан Тұрғанбай, Ақтөбе облысының тұрғыны:

-Жиналып шағым айтып бармаған жеріміз қалмады. Үлкендер суыққа шыдар-ау, балалар шетінен ауырып жатыр. Әзір газ кірмейтінін білгенде ең болмағанда қамданып қоямыз ғой. Енді, міне, не газ жоқ, не жағатын отын жоқ.

Ал газ компаниясы болса көгілдір отын жіберуге әкімдіктегілер рұқсат бермей отырғанын айтады. Себебі құжаттарында бірқатар қателіктер тапқан. Шенеуніктер оны бір апта көлемінде реттеп береміз деп уәде етуде.

Асылбек Әлімбаев, Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

-Осы аптада шұғыл жиын өткізіп, мәселені қарадық. Техникалық құжаттарында қате бар. Бір апта көлемінде толық газбен қамтылады. Халықты жылусыз қалдырмаймыз.

-Кешелі бері Ақтөбеде қар жауып, қазір сынап бағанасы -5-10 градусты көрсетіп тұр. Осындай суықта жұмысшылар ауылы тұрғындарының енді тағы бір апта шыдап отыруына тура келеді. Шенеуніктер де одан әрі созбалаңға салмаймыз деп ант-су ішуде. Себебі мәселені енді аймақ басшысының өзі бақылауға алған. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде