Ақмола облысында теміржолшылар бастықтарын қара жұмысқа жекті деп айыптады
Ақмола облысында теміржолшылар наразылық білдірді. Бурабай станциясының қызметкерлері бастықтарының кетуін талап етуде. «Өзін жарты құдай санайтын басшының бассыздығына бұдан әрі шыдай алмаймыз», -дейді олар. Сондықтан, талап орындалмаса барлығы жұмысқа шықпауға бекінген. Дегенмен, басшының да айтар уәжі бар.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
21.10.2014
Қысы-жазы курортты аймақта қызмет қылып жүрген теміржолшылар көптен бері көңілсіз.Бурабайдағы осы бекетке Бөгенбай Жадырасынов басшы болып келгелі бас көтеріп базына айтудан қалдық дейді олар. Бетіне қарағанды бастық алды-артына қаратпай қызметтен қуатын көрінеді.
Қалима Мұхаметжанова, Бурабай станциясының қызметкері:
-Таңертең жұмыс ұрыспен басталады. Қарсы шықсаң орынбасраларына тапсырма береді. Мынаны құрт деп. Мені инфаркт қылып түрмеге қамаймын деп қорқытты. Жедел-жәрдем алып кетті. Міне, куәгерлер тұр.
Жұмысшылар Жадырасыновтың жеке шаруасына да жегіледі екен. Олар бастықтың мына коттеджін өз қолымызбен тұрғызып бердік дейді.
Александр Малышев, Бурабай станциясының қызметкері:
-Осы жерде тұрған ер адамдар оның үйінде жұмыс істедік. Тыңдамасаң, жалақыны кесемін, жұмыстан шығарамын деп қоқан-лоққы көрсетеді. Кешке жұмыстан кір болып шығамыз. Бірақ осындағы жұмысшыларға арналған моншаға да түсе алмаймыз.
Моншаның есігі қызметкерлер үшін расымен жабық. Өйткені басқа мақсатқа, яғни бастықтардың көңіл көтеруіне пайдаланылады екен. Дегенмен, станция бастығы бұның бәрі жала деп өзіне шаң жуытар емес. Айтуынша, жұмысшыларға талапшылдығы үшін жақпай жүр. Тіпті бүгін бас көтергендермен сотта сөйлесем деп күшке мініп отыр.
Бөгенбай Жадырасынов, Бурабай станциясының бастығы:
-Барлығы өтірік. Сауна жайында да айтқандары өтірік. Жұмыс орнында ондай істемеймін ешқашан. Үйді салған фирманың келісім-шарты бар. Жұмыста бақылау жасаған оларға ұнамайды.
Дау боп жатқан жерге «Қазақстан темір жолының»Ақмола облыстық филиалының басшылары да келді. Бірақ бүгін базынасын айтқан қызметкерлер үшін олардан да қайран болмайтын сыңайлы. Өйткені, мән-жайды анықтап, кінәлілерді жазаға тартатын ыңғай танытып отырған жоқ.
-Түсірмеңдер. Әйтпесе, жиналысты өткізбейміз.
Дегенмен, қызметкерлер енді Бөгенбай Жадырасыновпен бірге істемейміз деп бекінген. Сондықтан бастық қызметінен қуылмаса, өзіміз жұмыстан кетеміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!