Мәскеудің басты әуежайында болған апат әлемнің түсінбеушілігін туғызды
Ресей астанасында әлемге әйгілі алпауыт мұнай компаниясының президенті жекеменшік ұшағымен апатқа ұшырады. Әуе кемесі көкке көтерілмей жатып, түгі қалмай жарылып кеткен.
Автор: Аруна Ортай
21.10.2014
Францияның әйгілі энергетикалық концерні «Total»-дың президенті 63 жастағы Кристоф де Маржери отырған ұшақ Мәскеудің «Внуково» әуежайынан Парижге ұшуы тиіс болған. Алайда әуеге енді көтеріле бергенде, қар тазартатын машинамен соқтығысып, сол жерде жарылып кетті. Соққының қатты болғаны сонша, ұшақ қалдықтары 200 метр аумаққа дейін шашылыпты. Ал қар тазалаушы көліктің жүргізушісіне түк болмаған. Сол сәтте оның удай мас болғаны да айтылуда. Сондай-ақ пилотқа әуежай диспетчері де дұрыс бағдар бермеген болуы мүмкін. Шағын ғана «Falсon-50» ұшағында Кристоф де Маржериден басқа экипаждың үш мүшесі болған. Барлығы қаза тапты. Кристоф де Маржери - тек Францияда емес, әлемдегі ықпалды адамдардың бірі. Ол басқарған «Total» компаниясы бірнеше елде мұнай өндірумен айналысады. Ал бизнесменнің өзі Ресей астанасына инвесторлар форумына келген екен. Еуропа Ресейдің негізгі ірі әуежайындағы апатқа қалайша жол берілгенін түсінбей дал. Бұл жәйт онсыз да беделден жұрдай болған Кремльге үлкен сын болары анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!