Қостанайда мыңдаған адам сусыз қалды
Қостанайлықтар осымен 5-ші тәулік сусыз отыр. Соның салдарынан мыңдаған адам жуыну былай тұрсын, ішуге су таппай сенделуде. Қаладағы бұл қиындыққа құбыр желісінен кеткен қос ақау себеп. Жарылған желілер қазір жөнделіп жатыр. Сондықтан әзірге әкімдік жұртты шыдай тұруға шақыруда. Оның үстіне, қолайсыз жайтты пайдаға асырып, дүкендер де шөлмектегі су бағасын екі еселеп жіберген.
Автор: Құралай Пионер
22.10.2014
Бұл Қостанайдағы ең көп халық шоғырланған 8-ші аудан. 3 күннен бері мұнда су атаулы жоқ. Салдарынан мыңдаған тұрғын жуынбақ түгілі, ұрттауға да тіршілік нәрін таба алар емес. Әсіресе, қарттар жағы қатты қиналған. Мәселен, 72 жастағы Валентина Пономареваның сатып алып болса да су ішуге қауқары жоқ.
Валентина Пономарева, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Су жоқ. Басында бір өшіріп, бір қосып еді. Енді тіптен жоқ. Өзім ауырамын. Сусыз қалай болмақ? Кей аудандарда 5 күннен бері жоқ дейді.
Қостанай халқын осынша уақыт сусыз отыруына құбыр желісінен кеткен ақау себеп. Мамандардың айтуынша, ескі желі қатты қысымға шыдас бермей жарылған. Және бір емес, бірнеше жерінен.
-Сусыз қалай өмір сүрем?Өлтіретін болды.
Құбыр желісіне жауаптылар ақауды өткен апта соңында-ақ қалыпқа келтіруге уәде етіпті. Бірақ айтуларынша, оны жөндеуге бүгін ғана мүмкіндік туған. Сондықтан монтаж жұмысы да енді басталды.
Самат Жанділдин, Қостанай қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы:
- Қазір жөндеу жүргізіліп жатыр. Арасында көпқабаттысы бар 65 үйге су беріліп қойды. Қалғандары да ақырындап суға қосылады.
Осылай деген әкімдік өкілдері көпшілікті сәл шыдай тұруға шақырып отыр. Сөздеріне сенсек, су ертеңнен қалмай Қостанайға түгел беріледі. Ресми есепке қарағанда, қалада 200 үй тіршілік нәрінен қағылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!