Назарбаев Тасмағамбетовтың жұмысына оң баға берді
Билікте кезекті ауыс-түйіс. Бүгін Елбасы күтпеген жерден Астана қаласының әкімін қызметінен алып, Қорғаныс министрі қылып тағайындады. Өйткені бұл орынтақта болған Серік Ахметов өз еркімен оставкаға кетіпті. Ал Тасмағамбетовтың орнына мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков жайғасты. Сөйтіп Астананың тұңғыш әкімі Жақсыбеков саяси мансабы өсірген жұмысына қайта оралды.
Автор: Ербол Сейілхан
22.10.2014
-Бүгінгі кадрлық өзгеріс Есілдің сол жағалауындағы саябырсып қалған саяси өмірдің көрігін қыздырып жібергендей. Бұл жолғы ауыс-түйістің көптің назарын аударуы да бекер емес. Себебі қызмет ауыстырып жатқандар салмағы ауыр саяси элитаның белді мүшелері.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовты қызметінен алғанымен оның орны ұзақ уақытқа бос қалған жоқ. Елбасы бұл лауазымға мемлекеттік хатшы, Әділбек Жақсыбековты Астана әкімі етіп тағайындады. Билікте талай лауазымдарды иеленген 60 жастағы Жақсыбековке бұл орынтақ таңсық емес. Ол бас шачардың алғашқы әкімі ретінде белгілі.
57 жастағы Иманғали Тасмағамбетовке де, жаңа портфель лезде табыла кетті. Елбасы оны күтпеген жерден Қорғаныс министрі қылып тағайындады. Ол бұл ведомстваға жетекшілік етуге келген 4-ші азаматтық тұлға. Оған мүлдем басқа сала яғни, Қарулы күштердің қыр-сырына қанығуына тура келеді. Енді Тасмағамбетовтың алдында генералдары бірінен соң бірі пара алып тұтқындалып, сарбаздары атылып не асылып өліп жатқан әскерде тәртіп орнату міндеті тұр. Одан қалды әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуы мен Украинадағы ахуал жаңа басшыға зор жауапкершілік жүктейді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Ең басты міндетіміз елді, тәуелсіздікті қорғау.Тасмағамбетов көп жылдардан бері менің қасымда жұмыс істеп келеді, көптеген лауазымдарды атқарды. Барлық жерде жұмысты бүге-шігесіне дейін зерделеп, мықты ұжым қалыптастырып, қойылған міндеттерді орындады.Ол басшылық жасаған кезде қала біраз жаңарды.
Ал сәуір айында премьерліктен кеткен Серік Ахметов арада 6 ай өткенде, Қорғаныс министрі лауазымнан өз еркімен бас тартқан. Оның отставкаға кету туралы жазған өтінішін Елбасы жерде қалдыра алмапты. Қазір жемқорлық дауы бойынша, тұтқындаулар жүріп жатқан Қарағанды облысының бұрынғы әкіміне қандай тақ бұйырары да әзірше белгісіз. Серік Ахметов әзірше жұмыссыздардың қатарында.
-Ал мемлекеттік хатшының міндетін президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматуллин уақытша атқара бермек. Ауыс-түйіс дегені болмаса бір- бірімен ат ауыстырып жатқандар саясат сахнасында көптен жүрген тұлғалар. Ал Есілдің сол жағалауындағы кадрлық өзгерістер мұнымен аяқталмайтын секілді. Сондықтан көпшілік Ақорда жаққа қарай елеңдеумен отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары