Ақмола облысында жалғыз автобусқа оқушылар сыймай жатыр
Ақмола облысында оқушылардың мектепке қатынауы қиындық туғызуда. Бүкіл Красиловка ауылының балаларын сабаққа апарып әкелетін жалғыс автобусқа адам сыймайды. Әрі кетсе 20 бала сиятын шағын автобусқа, қазір 50 адам мінгесіп жүр. Мұнда көлік қатынасынан бөлек, ауыз су мәселесі де өршіп тұр. Елді мекендегі жалғыз құбыр тек жаз айларында жұмыс істейді. Жүзден аса түтіні бар ауыл 9 жолдың торабында тұрса да, 9 шақырым жердегі ауыл әкімі жарты жылдан бері ат ізін де салмаған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
23.10.2014
Мына сапырылысқан адамның бәрі Красиловкадан келген автобустан түсті. Шағын көлікке осынша жолаушы күн сайын мініп, 3 шақырымдағы Айдабол орта мектебіне келеді. Арасында мұғалімдері де бар. Оқушылар осындай азапты өз ауылдарындағы мектеп жабылғалы тартып жүр.
Қайратбек Хамзин, Красиловка ауылының тұрғыны:
-50 шақты адамды 24 орындық автобусқа мінгізеді. Мал сияқты бірінің үстін бірі басып. Оның ішінде 0-ға баратын кішкентай балалар да бар. Талай айттық. Оған ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ.
Мектеп автобусының жүргізушісі болса, 2 айдан бері жалақы алмапты. Жанармай тапшылығы да бар, сондықтан күніне1-ақ рет қатынайды екен. Красиловкада екі жыл бұрын тартылған су құбыры да тек жазда істеп, қыста қатып қалады. Ал ауыл клубының қорадан айырмашылығы шамалы.
Мұратбек Ерден, Красиловка ауылының тұрғыны:
-Елбасының айтқан бағдарламасы бойынша, жол картасы бойынша әр жерде жасалып жатқан шаруалар бізде істелмей жатыр. Мамыр айынан бері әкімімізді көре алмай қойдық. Жетім баланың күйін кешіп жатырмыз. Сходта бір болды кетті. Бәрін айтам, істеймін, әкелем бәрін, қоям деп кеткен. Жоқ, міне.
-Облыс әкімі келеді дегенде мына үйді сыртын көрсетпей қоршап тастады. Жолды жалтыратты.
Жұрт осылай жанайқайын айтып тұрғанда, ауыл әкімі де жетті. 9 шақырым жерден 6 ай жүріп жеткен шенеунікке ауылдықтан шын қуанса керек, ду қол шапалақтап қарсы алды.Әкім Виктор Рукавишников болса қымсынып тұрған жоқ. Айтуынша, ауылға жиі ат басын бұрады екен. Тек, бір қызығы оның келіп-кеткенін қасындағы жүргізушісінен басқа ешкім көрмепті. Ал ауылдың жағдайын көтеруге қаржының жоқтығы қол байлау боп тұр,-деп ақталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!