Шымкентте күрең берет үшін күрес өтті
Нағыз жігіттер бүгін Оңтүстік Қазақстанда сыналды. Сарбаздардың арасындағы элита –арнайы жасақ десек, солардың сапындағы ең мықтысы ғана күрең беретке ие бола алады. Шымкент түбіндегі Ақтас полигонында сайдың тасындай 22 жігіт түні бойы ұйықтамай 75 шақырым жүгіріп келіп, атыс-шабыстан соң 10 минут бойы арнайы жасақтың жауынгерлерімен төбелесті. Қытай мен Ресей секілді елдерден келген сарапшылар болса, біздің жауынгерлердің рухына таңданыстарын жасыра алмады. Нағыз ерлердің сынағына куә болған тілшіміз Бек Әбиев баяндасын.
Автор: Бек Әбиев
24.10.2014
22 жігіттің бұл даламен тауда жорытып, түні бойы ассыз-сусыз жүгіріп келе жатқан беті. Жауынгерге қажетті 30 келіге жуық қапшықты арқалап, 75 шақырымды артқа тастап келеді. Бірақ, басты сынақ әлі алда.
Тәулік бойы ұйқы көрмей 70 шақырым жүгіріп өткен соң да, күрең беретке үміткерлердің дамылдауға қақысы жоқ. Қос-қостан бөлінген олар көпдеңгейлі кедергілерден жүгіріп өтуі тиіс.
Әр сарбазға арман күрең береттің иегері атану үшін биыл 262 жауынгер талпынып көрген екен. Іріктеле келе 68 қалса, мына соңғы сынаққа 22-сі ғана жетіп отыр. Мәселен, 35 жастағы Ақылбек Әбдірахманов қатал сынаққа 8 мәрте түсіпті. Бірақ, жолы болмай келеді.
Ақылбек Әбдірахманов, күрең беретке үміткер:
-Басқаларынан 200 метр қалып қойсаң, шешіліп қаласың. Ия, қалып қойдым.
-Келесі жылы да қатысасыз ғой?
-Иә, бұйырса, келесі жылы жақсылап дайындалып келеміз деп ойлаймын. Шығамыз ғой. Бұған қол жеткізу бәріміздің арманымыз.
Қалған 22 үміткер қос-қостан бөлініп, бір-бірімен 6 минут бойы жұдырықтасса, артынша 3 минут күрең береттің иегерлерімен төбелесуі керек. Мақсат - жеңу емес, соңына дейін шыдау.
Бұған дейін үш мәрте сынға түскен Ердәулет Оспанбеков күрең беретті армандаумен келеді. Ең соңғы сын - қоян-қолтық ұрыста барын салды. Бәріне шыдап берген 25 жастағы жігіт төбелестен соң тіпті көңілі босады.
Ердәулет Оспанбеков, күрең берет иегері:
-Осының алдында 4 рет жүрген кезде сынғанмын. Жолда сынасың. Қалып кетесің. Жүгірген кезде қатты болады. Үлгермейсің, қиналасың. Бірақ, шыдау керек екен. Мақсат қойдың ба жете біл. Толқып тұрмын, рахмет.
Бұл жолғы күрең берет үшін сынақ рекордты болып тұр. Себебі, бұған дейін 22 сарбаз бірден қызыл береттің иегері атанып көрмеген. Жалпы, күрең берет пен Бүркіт медалін алған сарбаз әскерилердің арасында элита атанғанымен, бұған бір тиын да төленбейді екен. Енді сайдың тасындай ұландар бірнеше күн тыныққан соң, басты жұмысы экстремизм мен лаңкестікке қарсы әрекет етуші «Бүркіт» арнайы жасағына қосылмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!