Ақтөбеде жоғалған баланың өлі денесі табылды
Ақтөбеде екі апта бұрын жоғалған 5 жасар баланың өлі денесі табылды. Темірланның туыстары оны біреулердің қинап өлтіргеніне сенімді. Себебі денесіне байланған арқан іздері қалған. Ал тәртіп сақшылары болса оны жоққа шығарып отыр. «Бала кісі қолынан өлмеген» деген қорытындыны сот сараптамасы да растапты. Дегенмен қара жамылған отбасы ішкі істер органдарынан осы оқиғаны жылы жауып қоймауды талап етуде.
Автор: Жаңалық Ахаш
24.10.2014
Бес жасар Темірлан Сәндібаевтың өлі денесі осы Қарғалы өзенінің жағасынан табылды. Батпақ пен қамыс арасында жатқан мәйітін саңырауқұлақ теруге шыққан тұрғын кездестіреді. Баланың бұл жерге қалай тап болғанын ешкім дөп басып айта алмай отыр.
Дәл осы жерді әскери әуе күштері институтының курсанттары екі апта ішінде бірнеше мәрте сүзіп шыққан. Тәртіп сақшылары Темірланның денесін лай судан көрмеген болар деп топшылап отыр. Ал қыршын кеткен сәбидің әкесі болса оны біреулер өлтіргеніне сенімді. Себебі Темірланның денесі судан еш ісінбеген екен.
Нұрлыбай Бартаев, әкесі:
-Ұстап, қастандықпен өлтірген ғой. Әнеу күннен бері далада жүрсе, суға лақтырып жіберсе адам танымастай хәлде болар еді. Екі-үш күндікте лақтырып тастаған. Суға салып жібергенде ішінде су болар еді, су жұтып қояр еді. Қастандықпен... енді басқа ештеңе айта алмаймын.
Қара жамылған отбасы баланы қинап өлтірген деп отыр. Бірнеше күн аш болғандықтан, қарны да жабысып қалыпты. Ал денесінде байлаған жіп іздері қалған.
Тәртіп сақшылары болса, туыстарының болжамдарын жоққа шығарып отыр. Алғашқы сараптама жасағандар киімі бүтін, денесінде сызат жоқ деп шешіпті.
Ардагер Уайдин, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Кісі қолынан қаза тапқан жоқ. Өйткені кеше сот-медициналық сарапшы баланың денесін қарап ешқандай сүйегінің сынғаны, болмаса киімінің жыртылғаны, болмаса қандай да бір жарақатын анықтаған жоқ.
Темірланның туыстары тәртіп сақшылары оқиғаны осылай жылы жауып қоя ма деп күдіктенеді. Сондықтан екінші сараптаманың да қортындысын асыға күтіп отыр. Ал сәби ертең жерленеді. Оны екі апта бойы іздеген еріктілер жексенбі күні қаланың орталық алаңына жиналып, ақ шар ұшырып қоштаспақшы.
-Қазір келем деп шығып кетіп еді-ау. Қазір барам деп едім ғой. Барсам жоқ қой. Ботамды соңғы көруім екен ғой.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!