Генерал Жоламановқа пара алды деген айып тағылды
Қамаудағы Шекара қызметінің директорына қатысты жаңа мәлімет. Генерал Нұрлан Жоламанов қызмет бабын ғана пайдаланбапты. Сондай-ақ аса ірі көлемде пара алған. Бүгін еліміздің бас шекарашысына осындай айып тағылды. Дегенмен Ұлттық қауіпсіздік комитеті шенді қызметкерінің ақшаны кімнен және не үшін алғанын ашып айтпай отыр.
Автор: Ербол Сейілхан
28.10.2014
Шекара қызметінің директоры өте сирек күлетін, жұмыста өте қатал, сәл ағаттық үшін қатаң жазалайтын аяусыз басшы ретінде сипатталады. Тіпті сәл кемшілік үшін тәжірибелі офицерлерді жаппай жұмыстан қуған көрінеді. 1 жыл 10 ай бұрын осы лауазымға тағайындалғанда, генералға ең маңызды стратегиялық сала сеніп тапсырылған. Әрі «Арқанкерген» қырғынынан соң шекарада ауқымды бұрын-соңды болмаған реформалар қолға алынды. Әбден тозығы жеткен бекеттердің орнына жаңасын тұрғызуға қазынадан қисапсыз миллиардтар бөлінген болатын.
Нұрлан Жоламанов, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, Шекара қызметінің директоры: (22 қазан, 2014)
-Биыл шекара бекеттерін салуға 5 жарым миллиард теңге жұмсалды. Оның үстіне Қордайдан тұрғын-үй қалашығын салып жатырмыз. Оған 3 жылда 9 миллиард теңге бөлінбек. Бюджет ақшасын толық игеріп жатырмыз.
Осылай деп сенімді сөйлеген Жоламановтың өзі арада бірнеше күн өткенде қамауға алынды. Ықпалды шендіні өз әріптестері яғни, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті тұтқындап, бүгін ресми айып тақты.
Ғалымжан Жүнісов, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің баспасөз қызметінің өкілі:
-Шекара қызметінің директоры Жоламановтың үстінен Қылмыстық Кодекстің 311-ші бабы бойынша, қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіге «пара алды» деген айып тағылып отыр. Тергеудің құпиялылығына байланысты, басқа ақпарат айтылмайды.
Сондықтан58 жастағы генералдың параны кімнен қанша сомада алғаны әзірше белгісіз. Бірақ кейбір ақпарат көздерінің хабарлауынша, жақында Шекара қызметіне қарасты Алматыдағы қойманың бастығы ұсталыпты. Ол Жоламановтың туыс інісі екен. Сол өткізген тендердің былығына ағасының да қатысы болуы әбден мүмкін. Шекарадағы осы шеті жоқ жемқорлық депутаттарды да шошындырып отыр. Ауған соғысының ардагері, «мемлекеттік шекара» туралы заңын қайтадан жазуға атсалысқан Бақытбек Смағұл бұл жайтты «масқара» деп атап, оны ұлттық қауіпсіздігімізге төнген қатерге теңеді.
Бақытбек Смағұл, Мәжіліс депутаты:
- «Арқанкерген» оқиғасынан кейін Жоламановты осы қызметке тағайындаған кезде, көптеген өзгерістер болады деп үміт артқан едік. Кадр мәселесінде, қарамағындағыларын қыспаққа салып жатқан кезде, мүмкін тәртіпке байланысты тазартып жатқан шығар дегенбіз. Өкінішке орай, адамның ары таза болмаған соң, оның соңы осындай былғаныш болып отыр.
-Дегенмен Жоламановтың ұсталуымен іс тынбайтын секілді. Себебі осы жанжалдан соң Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Шекара қызметін жемқорлардан тазартуға шындап кірісуі мүмкін. Сондықтан алда атышулы тұтқындаулардың болуы да ғажап емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!