Семейде күллі елге аты шыққан мүгедектің келіншегі енді дәрігерлермен дауласып жүр
Семейде адам төзгісіз жағдайда өмір сүрген мүгедек Манарбек Байбұрашев арнайы ауруханаға жатқызылды. 48 жастағы жарымжан азамат жайлы біз бұған дейін көрсеткен едік. Дәл сол бейнесюжеттен кейін науқасты әлеуметтік қызметкерлер алып кеткен. Ал Манарбекке қарайласқан жұбайы енді оны қалай да саяжайдағы күркеме қайтарамын байбалам салып жүр.
Автор: Олжас Сайлаубекұлы
29.10.2014
Бұл осыдан 2 жұма бұрын түсірілген кадрлар. Лашықтың қақ ортасындағы тақтайда жатқан мүгедек – Манарбек Байбұрашев. Селкілдеп жатқан Манарбекті теледидардан көрген әлеуметтік қызметкерлер оны тауып, ауруханаға жеткізген. Әбден ашығып, денесі кірлеген науқастың жағдайы қазір жақсы сыңайлы.
Динара Маева, мейірбике:
-Ұзақ уақыт ашқарын жатқаны бірден байқалады. Дұрыс қозғала алмаса да, қолдағы асты жұлып жей жаздады. Әбден әлсіреген.
Ал азаматтық некедегі күйеуінен ажырап қалған Шолпан Ахметжанова оны «өз үйі өлең төсегіне» қайтарамын дейді. Айтуынша, дәрігерлер оның бабын таба алмайды. Бұған дейін мүгедектің алып жүрген жәрдемақысы түкке жетпейді деген сөзінен аяқ асты айнып қалған.
Шолпан Ахметжанова, Манарбек Байбұрашевтың жұбайы:
-Оған менен жақын ешкім жоқ. 18 жыл бойы бас-көз болдым. Оның жәрдемақысы бізге жететін. Ал қазір жолдасыма кірейін десем, дәрігерлер мүмкіндік бермейді.
Аурухана қызметкерлері болса, мүгедектің бұрынғы үйіне қайтуы қауіпті дейді. Ал мұнда келгелі екі аптада ет алып, қазір біраз сөйлей бастапты.
-Манарбек, шай ішесің бе?
-Ішем
-Манарбек Байбұрашев ауруханада тағы біраз уақыт жатады. Арнайы комиссия жұмысын аяқтаған соң оны Қарттар мен мүгедектер үйіне көшіруі мүмкін. Ал азаматтық некедегі жұбайы жақын арада күйеуім оралмаса, сотқа барамын деп белін бекем буған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!