Өскеменде арықтаймын деп астан бас тартқан оқушының халі нашарлап барады
Өскеменде қатты арықтаған қыздың жағдайы одан сайын мүшкілденіп барады. Осыдан 4 ай бұрын сыныптастарының «толықсың» деген сөзіне ренжіген Әсел Ұланова тамақтан бас тартуға бекінген. Салдарынан жеткіншек 16 келіге дейін арықтап кетті. Қазір тіпті тамақ жей алмайтын жағдайға жеткен. Бір қасық сорпадан артық ішсе құсып тастайды.
Автор: Олжас Байжан
29.10.2014
9 жасар Әселдің жанары күн санап солып барады. Қыз мектепке бармақ түгілі, қазір есік алдына кіріп-шығуы қиындаған. Ұмытшақтыққа ұшырап, тамақ көрсе жүрегі айныйтындай халге жетіпті.
Наталья Комарова, Әселдің анасы:
-Бір қасық сорпа, бір тілім нан, кішкене ботқа мен йогурт. Бұл Әселдің бір күндік азығы.
Оқиға осыдан 4 ай бұрын бастау алыпты. Сыныптастарының «толықсың» деген сөзіне бола Әсел ренжіп, тамақтан біржола бас тартқан. Салдарынан ол мүлдем мүшкіл халге түсті. Тәбеті мүлдем жоғалған. Бірақ қазір ас-судан бас тартайын деген ойы жоқ. Тек тағамның иісінің өзінен жүрегі айнитын жағдайға жеткен.
Галина Киушкина, Әселдің әжесі:
-Ол өзгелердің тамақ ішкеніне қарап-ақ риза болады. Үйде ешкім болмаса мысықтарға шұжық турап беріп, өзі соған қарап отырады.
Ата-анасы көмек сұрап облыстық денсаулық сақтау басқармасына барыпты. Ал ақ халаттылар оны бірден жындыханаға жіберген. Сөйтіп, Әсел бір күн бойы жүйке аурулары асқынған жандардың ортасында болған. Бірақ тексеру барысында одан ешбір психикалық ауытқушылық табылмапты. Отбасы енді осындай көмектен соң дәрігерлерге жоламауды жөн көріп отыр.
Сергей Попов, ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
-Анасы мен қызды алып келу үшін біз үш мәрте көлік жібердік. Оларды ана және бала орталығына апарайық дегенбіз. Өкінішке орай бұл әрекетімізге олар ешбір жауап қатпады.
Кейін Павлодардағы жеке клиникада ем қабылдаған Әселдің беті бері қарағанымен, үйге келісімен ауруы қайта қозған. Тіпті ресейлік «Пусть говорят» ток-шоуына барғанда жеткіншек өзінің арықтығынан камера алдына шығуға ұялған. Ал анасына кезекті рет көмек сұрауға тура келді. Қазір дәрігерлер нақты диагноз қоя алмай отыр. Анорексияның болу-болмауы да белгісіз. Тек ресейлік данышпандардың бірі көмектесе аламын депті. Әрине, тегін емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!