Шығынға батқан шаруалар Үкіметтен шұғыл көмек сұрады
Биылғы ауа райының қолайсыздығынан шығынға белшеден батқан қызылжарлық диқандар Үкіметтен көмек сұрап отыр. Олар тіпті сақтандыру компанияларынан да тиесілі қаржыларын өндіре алмай жүр. Жағдай бұлай қала берсе, шаруалардың келесі жылғы егін науқанына қамдана алмайтын түрлері бар. Өйткені өңір диқандарының дені астық алқаптарының әлі жартысын да орып үлгермеген.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
30.10.2014
-Міне,бидай. Қайда апармыз? Ешқайда апармаймыз, тек малға беруге болады.
Ала жаз бойғы еңбектің енді тек малға жем болатыны мына диқандардың өзегін өртеуде.
Алма Дүйсембекова, қырман бастығы:
-Сұмдық қой. Далада қалды егін. Осы ғана, қар мен сұлы. Бұны енді мал да жемейді, кісі де алмайды. Солай қалады.
Жамбыл ауданындағы мына серіктестік биыл 6 мың гектар алқапқа бидай егіпті. Әлі жартысынан астамы орылмаған. Ауа райының қолайсыздығы былай тұрсын, тосыннан келген арқа аязына жағармай да төзер емес.
Жанат Сәрсекеев, шаруа қожалығының бас агрономы:
-Арзан бағамен жанармай берді. Далада – 5 градус. Қатып қалып жатыр.
Механизаторлар комбайндарды алқапқа айдап шығу үшін түрлі амалдар да жасап көріпті. Тіпті ыстық ауа үрлейтін қондырғы да пайдаланған.
-Танап басына шығатын комбайндарды механизаторлар мынадай алып гараждарда сақтайды екен. Бұл жанармай қатып қалмас үшін әдейі жасалған шара дейді мамандар.
Заңға сай өңір диқандарының бәрі егістік алқаптарын көктемде сақтандырған. Алайда шаруаның шығынын өтеп беруге асығып отырған ешкім жоқ.
Юрий Иванов, шаруа қожалығының басшысы:
-Сақтандыру шарты бойынша олар бізге қаржы беру керек. Бұл үшін ауа райын болжайтын мекемеден құжат әкелуіміз шарт. Алайда сақтандырушылармен ауыз жаласқан синоптиктер «ауа райы күз бойы тамаша болды» деп құжат беруден бас тартып отыр. Ендігі үміт тек Үкіметте.
Мына танаптардан таяқ тастам жерде ресейлік алқаптар көрініп тұр. Олардың Омбы мен Қорған облыстарында биылғы астық науқанына қатысты төтенше жағдай жарияланыпты. Бұл көрші ел диқандарының ала жаз бойғы еңбегін Үкімет толық өтеп береді деген сөз. Ал біздің елдің шаруалары тіпті заңды түрде берілуі тиіс сақтандыру сомасына да зар болып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!