ОҚО-да тұрғындар мазасын алған монша иелерімен төбелесіп қалды
Оңтүстік Қазақстанда бүтін бір ауыл қолқаны қабатын иістен тұншығып отыр. Сарыағаш ауданына қарасты Бесқұбыр елді-мекенінде бірнеше моншадан шыққан қалдық су тұтас арнаға айналып кеткен. Әрі ол жұрттың баспаналарына дейін жетіп, іргесін отырғызып тастапты. Тұрғындар жергілікті басшыларға сан рет барғанымен, еститіндері әдеттегідей құрғақ уәде. Жұрт енді 4 моншаның иелерімен жаға жыртысуға дейін барып жүр.
Автор: Бек Әбиев
31.10.2014
Жер астынан шипалы ыстық суы бұрқырап шығып жатқан Бесқұбыр ауылы бүкіл Оңтүстікке танымал. Жергілікті кәсіпкерлер ыстық судың үстіне монша тұрғызып, бұрыннан шаруасын тәп-тәуір дөңгелетіп келеді. Тек, солардың қалдық суы ауылды алып кеткен.
-4 моншаның суы, міне, осында келіп құяды. Қалдық суға толы арнаның ұзындығы қазір жарты шақырымға жеткен. Ең сорақысы, бұл арнаға іргелес ондаған шаңырақ өмір сүріп жатыр.
Рәзия әжейдің үй-жайы осы арнамен тоғысып жатыр. Күн жылы мезгілде моншадан шыққан иіске тұншығып, ылғалға үймелеген масадан зәрезап боламыз дейді. Қолқаны қабар иістен бұрын іргелес жатқан су бірнеше жыл бұрын тұрғызылған үйдің іргесін бұзып барады.
Рәзия Бәкірова, Бесқұбыр ауылының тұрғыны:
-Енді бұның асты кеуек. Парник болған бұрын. Одан кейін сасық су жерге қарай сіңбей қайда барады. 4-5 моншаның суы жердің астына келеді.
Ауылдың әрі соры, әрі бағы болған ыстық судың жанында монша 50 жылдан бері бар. Тек одан шыққан суды тастайтын арна маңында бұрын үйлер болмай, 4-5 жыл бұрын ғана жақын жерден үй бере бастаған. Содан бері монша да көбейген, халықтың да саны артқан.
Әбдіхалық Әймешев, Бесқұбыр ауылының тұрғыны:
-Балаларымыз ойнайды. Суға түсіп кетсе, үсті басының бәрі жара болады. Айына бір 4-5-уін ауруханаға жатқызып жатырмыз. Сөздің шыны керек.
Ал кәсіпкерлер моншасынан шыққан суды басқа жаққа жібере алмаймыз дейді. Мыңдаған текше метр кір суды сыйдыратын шұңқыр жоқ. Басқа жерге төгейін десе, әкімдік жер бермейді екен.
Бауыржан Бейсеқұлов, Бесқұбыр ауылы әкімінің орынбасары:
-Қазір біздің әкіміміз жиналыста жүр Шымкентте. Келсін, ертең ауылдың тұрғындары осы жерге келіп ақылдасамыз. Жекеменшік моншалардың егелерін шақырып ақылдасамыз.
Ауыл басшыларына сенсек, осы уақытқа дейін ақылдаспаған-шешпеген мәселені осы апта ел-жұрт болып шешіп тастамақ. Әрине, халыққа да, кәсіпкерлерге де кесірі тимейтіндей қылып. Тек, мәселені май шаммен қараймын деп жүргенде сол кәсіпкерлер мен тұрғындар сасық су үшін жаға жыртысып жатыр.
-Қазір полиция шақырамын.
-Сіз төріңнен көрің жақын деп неге айтасыз?
-Ұстама қолымды ,айуан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары